Отандық балық жəне балық өнімдері нарығы екі есе артуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Отандық балық жəне балық өнімдері нарығы қазіргі 66 мыңнан 120 мың тоннаға дейін екі есе артуы мүмкін. Бұл туралы Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның Telegram-ына сілтеме жасап.

«Отандық балық жəне балық өнімдері нарығы көлемін 66 мың тоннадан 120 мың тоннаға; балық аулауды 45 мың тоннадан 60 мың тоннаға дейін Каспий теңізі ресурстарын игеру есебінен; балық өсіруді 7-ден 60 мың тоннаға дейін арттыруға болады», - деді Мағзұм Мырзағалиев Атырау қаласында өтіп жатқан Қазақстанның балық шаруашылығын дамыту жөніндегі кеңесте.

Оның атап өтуінше, бұл Қытай мен Ресей сынды əлемдік нарықтағы экспорт көлемін көбейтуге мүмкіндік береді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін салада бірқатар шаралар іске асырылады. Атап айтқанда, балық аулау кезеңін ұзарту жоспарлануда.

«Біздің балықшылар Каспий теңізінде ресейлік əріптестеріне қарағанда кəсіпшілікті 11 күнге кем атқаратындықтан аулау мерзімі ұлғайтылады. Бұдан басқа, Жайық өзеніндегі балық аулау мерзімі 15 мамырға дейін ұзартылады. Тиісті бұйрық жақын арада қабылданады», - деді Экология министрі .

М.Мырзағалиевтің айтуынша, бұл шаралар балық аулау көлемін көктемде 7 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, аумақтық инспекцияларға балық аулау мерзімін ауа райына байланысты ауыстыру туралы жедел шешім қабылдау құқығын беру ойластырылуда. Бұл норма Парламент Мəжілісінің қарауындағы «Туристік қызмет туралы» заң жобасына енгізілген. Балық ресурстарын пайдалану ақысын қайта қарау мəселесі де қосымша зерделеуді талап етеді.

«Мəселен, көксеркенің бір келісі үшін бізде бизнес 35 теңге, ал Ресей 6 теңге төлейді. Бұл проблемаларды оңтайлы шешу бизнеске зор көмек болар еді», - деді М. Мырзағалиев.

Экология министрлігі басшысы сонымен қатар, РФ секілді түнгі уақытта балық аулауға рұқсат беру, сондай-ақ балықшылар «Ақжайық» табиғи резерватынан өту кезінде төлейтін ақыны алып тастау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Қазіргі уақытта тəртіп бойынша бір адамға өту ақысы бір күнге 265 теңгені құрайды.

Министр балық өсіру саласында өсу қарқыны байқалатындығын айтты. Мəселен, соңғы 7 жылда өсірілген балық көлемі 9 есе, 800 тоннадан 7 мың тоннаға дейін артқан.

«Балық өсіруге қызығушылықты арттыру үшін бірқатар шаралар көзделуде. Балық аулау шаруашылығын өзендердегі су қорғау аймағына орналастыруға рұқсат беру керек. Мұндай тəжірибе көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінде бар. Одан соң, балық өсіруде су ресурстарын пайдалану ақысын есептеу механизмін өзгерту қажет. Себебі, суландыруға қарағанда, барлық дерлік су қайта қайтарылады ғой. Сондықтан булану жəне сүзілу бойынша ғана ақы төленуі тиіс», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар