Отандық анимация өндірісі жаңа киностудиямен толықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада анимациялық өнімдер жасаумен айналысатын «QuantFilm» киностудиясы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Киностудия маманы Талас Оразбайұлының айтуынша, жастардан құралған шығармашылық ұжым қазақ анимациясына өз үлесін қосып, балаларды жаңа фильмдермен қуантпақ. Сонымен бірге, жасөспірімдерге қазақтың әдет-ғұрпын дәріптеу арқылы оларды ұлтжанды, елін-жерін сүйетін отаншыл етіп тәрбиелеуге атсалысуды көздейді.

«Мультфильм – еліміздің ертеңі, болашақ ұрпақты тәрбиелейтін маңызды құрал. Өз ұлтын, өз тілін сүйетін отаншыл ұрпақ - ана тіліндегі фильмдер көру арқылы қалыптасады. Сол үшін де бұл саланы дамытудың маңыздылығы зор. Ұжымда әзірге анимация жанрында кәсіби шебер ретінде шыңдалған 15 маман жұмыс жасайды. Барлығы он жылдан астам осы сала тенденцияларын үздіксіз зерттеп, үйренген мамандар. Сондықтан «QuantFilm» киностудиясы техникалық мүмкіндіктерінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Студияның базалық курс ашып, маман санын арттыруға мүмкіндігі мол. Креативті идеясын жетілдіргісі келетін жастарға анимацияның қыр-сырын үйретуді де жоспарлап отырмыз», - дейді ол.

Айта кетейік, Талас Оразбайұлы бұған дейін «Anyz film» кино студиясында қықмет атқарып, көптеген анимациялық жобаларға атсалысты. Таластың техникалық жетекшілік етуімен жасалған «Ырысты ыдыстар» атты жаңа анимация 2020 жылы Amen Animation халықаралық кинофестивалінің «Үздік мультхикая» номинациясының жеңімпазы атанды.


Соңғы жаңалықтар