«Отандастар қорының» ресми порталы іске қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Отандастар қорының» ресми веб-порталы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде oq.gov.kz сілтемесінде Қордың ресми веб-порталы іске қосылды. Портал арқылы сіздер қолға алған жобаларымыз, атқарған және атқаратын істеріміз, өткізген және өткізетін шараларымыз, оралмандарға қажетті заңдық ақпараттар, біз көрсететін қызметтер жайлы, жалпы оралмандар, шеттегі қандастар, отандастарға қажетті мәліметтермен таныса аласыздар.Қоғам талқысына шығарылатын қоғамдық мониторинг пен диаспоралды саясат мәселесін, Қор жұмысының қоғамдық тыңдалымын талдайтын қоғамдық комиссия жұмысы туралы ақпаратты да осы жерден табасыз», - деп жазады «Отандастар» қорының бірінші вице-президент Талғат Адуов өзінің facebook парақшасында.

Қазір порталда оралмандарға көрсетілген көмек жайында статистикалық мәлімет бар. Болашақта оның саны артпақ.

«Біз порталға Қордың өңірлік филиал басшыларының жеке кабинетін енгіземіз. Отандастар сол жерге электронды тіркелу немесе [email protected] арқылы басшылыққа өз сұрағын қоя алады. Мәселенің шешілу барысын порталдан сұрақ қоюшымен қатар орталықтағы басшылық та бақылай алады», - дейді Т.Адуов.

Ақпарат әзірге техникалық режимде толтырылып жатқан, заманауи талапқа сай жан жақты жасақталған портал - қызықты да қажетті ақпараттары, сервистері, бөлімдері мен бөлімшелері бар байланыс алаңы болмақ.

Айта кетсек, «Отандастар» қоры Елбасы Н. Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шетелдегі қазақтарды қолдау бойынша берген тапсырмалары және ҚР Үкіметінің 2017 жыл 13 қазандағы «Отандастар Қоры коммерциялық емес акционерлік қоғам құру туралы» №644 қаулысы негізінде құрылған. ​

Қор мақсаты оралмандарға, шет елде тұратын этникалық қазақтарға, сонымен қатар шет елдерге тұрақты қоныс аударған отандастарға жан жақты қолдау көрсету. Бүгінде Қор осы мақсатты жүзеге асыру үшін диаспоралды саясат, диалог алаңы, бейімделуге көмек, білім саласында ғаламдық бәсекелестікке бейімделген мамандарды дайындау, қазақ мәдениетін ілгерілету, бизнес пен инновацияны дамыту, қазақтардың біртұтас ақпараттық интернет қоғамдастығын құру, шетелдік серіктестер және жергілікті атқарушы органдармен жұмыс, қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығы жұмысын жандандыру тәрізді тоғыз бағытта жұмыс істеуде.

Соңғы жаңалықтар