«Отандастар» қоры Франциядағы қандастарымыздың басын қосты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Отандастар» қорының өкілдері Франциядағы қандастармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қордың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Франциядағы қазақ жұртшылығымен кездесуде «Отандастар» қорының мақсат-міндеттері таныстырылып, ұйым қызметінің жалпы ұстанымы мен жоба-жоспарлары айтылды. Айта кетейік, қор ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың 5-ші Дүниежүзі қазақтары құрылтайындағы тапсырмасымен құрылған болатын. Мақсаты - шетелдегі және Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтарға қолдау білдіру.

«Қазақ елі Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынға қолдау көрсетуді естен шығарған емес. Елбасы тапсырмасымен құрылған «Отандастар» қоры соның айқын дәлелі. Қор елге оралған қандастармен бірге, шетелдегі қазақ диаспорасын қолдау бағытында жұмыс істейді. Ол өз кезегінде, жырақтағы отандастарымыздың құқығын қорғау, мәдени және зияткерлік әлеуетін сақтау, қазақ диаспорасымен мәдени, іскерлік және басқа да байланыстарды нығайту, сондай-ақ тарихи отанға оралуға ниетті қандастарға қолайлы жағдай жасау сынды мақсаттарды қамтиды», - деді қор президентінің кеңесшісі Мағауия Сарбасов.

null
Сонымен қатар, кездесу барысында қандастарымыз өздерінің көкейтесті мәселелерін жеткізіп, қор өкілдерінен олардың шешілу жолын қарастыруын сұрады. Мәселен, Мұстафа Шоқай атындағы қазақ-француз «Достық» қоғамының төрағасы Яшар Динчтың айтуынша, Франциядағы қазақ қоғамына латын қарпіндегі қазақ кітаптары және қазақ-француз сөздіктері ауадай қажет. Ана тілін меңгеруге ниетті қандастарымыз Қазақстанның жақын күндері толығымен латын қарпіне өтетіндігіне қуанышты екендіктерін жеткізді.

Одан бөлек, елімізден барған делегация Франциядағы қазақ диаспорасының ұлыстың ұлы күні Наурыз думанын тойлау мерекесіне, сондағы этникалық қазақтардың құрама командасы ойнаған футбол лигасына қатысты. Париждегі Мұстафа Шоқайға арналған ескерткішке барып, гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ, «Қорқыт» тұңғыш қазақ мәдениеті орталығының жұмысымен танысты, аталмыш елдегі асыранды қазақ балаларының отбасына барды, олардың қазақтың тілін, мәдениетін, тарихын меңгеру мүмкіндіктері жайлы біліп қайтты.

Қордың дерегіне сүйенсек, Франция - Еуропадағы қазақтардың ең көп шоғырланған жері. Онда жалпы саны 2 мыңнан астам қандасымыз тұрады.

null

Соңғы жаңалықтар