Отан Қорғаушылар күні Көкшетау қаласында да салтанатты түрде аталып өтілуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Отан Қорғаушылар күні Көкшетау қаласында да тойлануда.

Мерекелік шараның шымылдығы "Тәуелсіздік" алаңына орнатылған екі үлкен экраннан онлайн көрсетілім арқылы Елордадағы ҚР Қарулы күштерінің әскери шеруін тамашалаумен ашылды. Салтанатты шараға қатысқан өңір басшысы Қосман Айтмұхаметов барша ақмолалықтарды байтақ жеріміздің, бейбіт еліміздің тыныштығын қас қақпай күзетіп тұрған Отан Қорғаушылар күнімен құттықтады. "Қазақстан армиясының рөлін жоғары бағалаған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде еліміздің Қарулы Күштері қатарында қызмет ету мүмкіндігін иелену ең ұлық міндет, қастерлі парыз екендігін айтқан еді. Ержүректілік пен патриотизмнің нағыз мектебін біздің 2 мыңнан астам жерлестеріміз де абыроймен жалғастырып, әскердің әр түрлі құрылымдарында өздерінің жауынгерлік міндеттерін атқарып жүр. Жоғары әскери оқу орындарында 50-ден аса біздің жерлестеріміз білім алады. Ал еліміздің әр түкпірінде олар өз ата-бабалары салған ерлік жолын жалғастыруға сүбелі үлестерін қосып, мінсіз қызметтерімен көрініп жүр. Бұл мереке бейбітшілік құндылықтарын қадірлейтін, жоғары патриотизмді асқақтататын, бірлікті еңселендіретін, ынтымақты жарастыратын айшықты оқиға екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, Отан қорғаушылардың әсте оңай емес, қыр-сыры мол әскери қызметтеріне табыс тілеп, өмірдің ізгілікке толы биігіне көтеріле берсін дегім келеді", - деді өз сөзінде Қ.Айтмұхаметов. Сонымен қатар, ол ҚР Қарулы Күштері құрамында қызмет істеп жүргендер мен отставкадағы жерлестеріне түрлі деңгейдегі әскери наградалар, медальдар және облыс әкімінің алғыс хаттарын табыстады.

Бұдан кейін жиналғандарға Көкшетау техникалық институтының курсанттары мен жоғары оқу орындарының студенттері және орта білім ордаларындағы әскери-патриоттық клуб қатысушыларының сомдауымен сұрапыл соғыс кезіндегі жауынгерлердің ерлігін әспеттейтін әскери қойылымдар көрсетілді.

Сондай-ақ, мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Соңғы жаңалықтар