Осыдан 86 жыл бұрын мемлекеттік қайраткер Өзбекәлі Жәнібеков өмірге келген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Осыдан тура 86 жыл бұрын, 1931 жылдың 28 тамызында белді мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібеков өмір есігін ашқан.

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда ОҚО Отырар ауданы, Сарықамыс атты ауылда дүниеге келген. Ол тұстағы зобалаң жылдарда қазақ даласында аштық жүріп жатқан еді. Қазақ үшін қасіретті жылдардың қанды шеңгелінен аман қалған Өзбекәлі мектепте сабақты үздік оқиды. Жасынан оқу-білімге деген ерекше құштарлық жігерлі жасты Алматыға жетелейді. Институттағы театрланған әдеби үйірмеде Қазақ драма театрының әртісі Қапан Бадыровтың жетекшілігімен студент жастар спектакльдерді дайындайтын. Осы тәжірибе кейін Өзбекәліге Торғай облысында облыстық сазды-драма театрын ашуға көп септігін тигізгені сөзсіз.

Өзекеңнің өмірін бір кісідей білетін Құлбек Ергөбектің айтуына қарағанда, Абай атындағы педагогикалық оқу орнын үздік бітірген ол Оңтүстік Қазақстанға қызметке орналасқан. Келес ауданындағы мектепке пионер жетекші, тарих пәнінің мұғалімі, кейін мектептің оқу ісінің меңгерушісі, соңынан аудандық комсомол ұйымының жетекшісі болып еңбек етеді. Сондай-ақ, Өзбекәлі Жәнібеков Оңтүстік Қазақстан облысында комсомол ұйымының қатардағы хатшысы, соңынан бірінші хатшысы болып бірсыпыра уақыт қызмет істеген.

Өзбекәлі Жәнібекті сол тұстағы ел орталығы ­­­- Алматы шақырып алады. Алдымен ол Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы, соңынан бірінші хатшысы болып сайланған. Өзбекәлі Жәнібек басшылық еткен жылдары алғаш рет Республиканың жастар ұйымының жетекшісі ВЛКСМ Орталық Комитетіне бюро мүшесі болып кірді. Одақта өзінің орнын алды. Өзбекәлі осы қызметте жүріп, ЛКСМ Орталық Комитетінің ғимаратының салынуына, жастардың күшімен екпінді құрылыстар жүргізіп, Көктөбенің игерілуіне, жастардың ансамблінің құрылуына, жастар театры мен Ғ.Мұратбаевтың Қазалыдағы музейінің ашылуына мұрындық болған. Шынында,  Ө.Жәнібек есімі Ғани есімінен кейін, ізбасары ретінде тарихи орынды иеленді.

Жастар ұйымы атынан ол жылдары Өзбекәлі Жәнібеков шет елге сирек те болса делегация басқарып шығып тұратын. Айталық, бірде Болгарияға Дүние жүзі жастары форумына қазақ жастарын басқарып апарса, екіншіде Въетнамға сапарлаған. Жастардың жетекшілігінен 1970 жылы ол жаңадан ұйымдастырылып жатқан Торғай облысына - облыстық партия комитетінің үшінші хатшылығы қызметіне жіберіледі. Ол кезде облыстың бар басшысы Мәскеуде бекітіледі. Жаңа ұйымдасқалы тұрған облыс басшыларын бекітерде КСРО Бас хатшысы Л.И.Брежнев өзге кісілерге назар аудармай, Өзекеңе қарап «Біздің комсомол бара жатыр екен. Облыс болады» депті үлкен сеніммен! Айтса айтқандай, Мәскеуде Саяси Бюрода бекіп шыққан сол басшылар аудан деңгейіндегі аумақтан Торғайдайын облыстық аймақ жасап шыққан еді.

Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. Жәнібеков «Шертер», «Адырна», «Алтынай», т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. «Наурыз» мейрамының, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, Ш.Құдайбердіұлы есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға атсалысты.

«Қазақтың ұлттық қол өнері» (1982), «Жаңғырық» (1991), «Уақыт керуені» (1992), «Жолайрықта» (1996), «Қазақ киімі» (1996), «Ежелгі Отырар» (1997), «Тағдыр тағылымы» атты еңбектері ұрпаққа мұра болып қалды.

Өзбекәлі Жәнібеков 1998 жылы 2 ақпанда өмірден өтті.

Соңғы жаңалықтар