Осыдан 16-17 жыл бұрын кезекке тұрған тараздықтарға жер телімдері берілмек

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Таразда 2005-2006 жылдардан бері жеке тұрғын үй салу үшін кезекте тұрғандарға жер телімдерін беру процесі басталды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен қаланың бас жоспары талқыланған кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Таразда жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер кезегінде тұрғандардың жалпы саны – 102 925. «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік қызметі автоматтандырылғаннан кейінгі 1 айдың өзінде 30 мыңға жуық азамат тіркеліп үлгерген.

Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Беркінбек Бижігітовтің айтуынша, «Қарасу» (Құмшағал) алқабына инфрақұрылым жүргізіліп, жер телімдерін (1460) бөлу жұмыстары басталды.

«Кезектің басындағы 4477 адамға хабарландыру қағазы жіберілді. 2005 жылы кезекке тұрғандар толығымен және 2006 жылдың 30 маусымына дейін тіркелген азаматтар қамтылды», - делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ, қаладағы «Орталық базарға» қарама-қарсы 312 га жуық жер телімін мемлекет қажеттілігі үшін қайтарып алу жұмыстары да қолға алынған.

«Жер телімдері алынған соң құрылыс бөлімі инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын атқармақ. Осы жер телімдері жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіндегі азаматтарға берілетін болады», - деп толықтырады баспасөз қызметі.

«Біз Тараз қаласының бас жоспарын қараған кезде өзіндік көзқарасымызды қалыптастыруға назар аударуымыз керек. Шаһардың тарихи келбеті, дизайн-коды сақталуы тиіс. Бұл бағытта нақты жүйе қажет. Қаланың ішкі және сыртқы бөліктері сол жүйе негізінде дамып отырғаны дұрыс. Сондай-ақ, біз алдағы үш жылда қандай жұмыстар атқарамыз, қандай құрылыс салып, инфрақұрылым жүйелерін тартамыз? Соны да нақтылап жоспарлау керек», - дейді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

Өңір басшысы Байзақ және Жамбыл аудандарының қала іргесіндегі бірқатар аумақтарын облыс орталығына қосу жоспарының орындалу барысына айрықша назар аударып, одан туындайтын әлеуметтік мәселелерді шешу жолын бүгіннен пысықтауды тапсырды.

Еске салсақ, мемлекеттен жеке тұрғын үй салу үшін тегін алған 10 сотық жер үй салуға жарамсыз болса, қайта кезекке тұруға болатыны хабарланған болатын.


Соңғы жаңалықтар