Осы көктемде 200 млн астам көшет отырғызылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде бес жыл ішінде (2021-2025 ж.ж.) 2 млрд ағаш отырғызу жұмысы жоспарға сай жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылдан бастап ел аумағында 2 млрд ағаш отырғызу науқаны басталды. Жоба басталғалы еліміз бойынша 200 млн астам ағаш көшеті отырғызылды. Ал, биыл көктемде 100 млн жуық көшет егілді. Жоспар бойынша осы көктемде 108 млн көшет отырғызуымыз керек. Алдағы 10 күннің ішінде қалған 8 млн ағашты отырғызамыз. Қалғаны жоспарға сәйкес алдағы күзде іске асырылады. Сонымен қатар, отырғызылған ағаш көшеттерінің одан әрі өсіп кетуі біздің бақылауымызда. Ол үшін нормативтік-құқықтық акт қарастырылған. Бақылау күз мезгілінде жүреді. Алдымен орманшы мамандар қадағалайды, содан соң бақылау бөлімінің өкілдері тексереді», - деді Ерлан Құтпанбаев ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында.

Оның айтуынша, ел аумағында былтыр отырғызылған ағаш көшеттерінің 70 пайызы тіршілігін жалғастырды. Сондай-ақ, ағаш көшетін отырғызу науқаны еліміз бойынша көктем және күзде жүреді.

«2 млрд түп ағаштың ішінде 700 млн жуығы сексеуіл, 550 млн астамы қарағай, одан бөлек қайың, терек тағы сол сияқты ағаш түрлері бар. Барлық ағаш көшеттері отандық, атап айтқанда ШҚО мен Павлодар облысына тиесілі. Біз қазір Ақмола облысына қарасты «Жасыл аймақ» орман қоры шаруашылығының аумағында тұрмыз. Бұл жерде биыл көктемде 5 млн астам ағаш көшеті отырғызылды. Жалпы, ағаш егу процесі 2 әдіспен орындалып жатыр. Бірі - тұқым себу арқылы, екінші жолы - көшет түрінде отырғызу. Ағаш отырғызу жұмысы жоспарға сай жүзеге асып жатыр», - дейді ол.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда 2021 жылдан бастап 5 жыл көлемінде орман қорына 2 млрд түп ағаш егіледі.


Соңғы жаңалықтар