Осы аптада «Мемлекеттік тіл және БАҚ-2020» жеңімпаздары анықталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова осы аптада «Мемлекеттік тіл және БАҚ-2020» республикалық байқауы жеңімпаздарын онлайн режимінде марапаттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қолына қалам мен микрофон ұстаған журналистердің дәстүрлі додасын Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын ұйымдастырады. Байқау ережесінің талаптарына сәйкес, ұсынылған журналистік еңбектердің мазмұны – мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту, қазіргі ахуалын талдау және оған мониторинг жүргізуге бағытталуы шарт.

Жеңімпаздар «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша марапатталады. Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен 56 журналист қатысып, 116 материал талқыға түсіп отыр.

Аталымдар бойынша қатысушылар:

- «Үздік мақала» – 24 қатысушы, материалдар саны – 49;

- «Үздік сайт мақаласы» – 12 қатысушы, материалдар саны – 25;

- «Үздік радиобағдарлама» – 11 қатысушы, материалдар саны – 23;

- «Үздік телебағдарлама» – 9 қатысушы, материалдар саны – 19.

Елімізге белгілі қалам қайраткерлері мен танымал журналистерден құралған қазылар алқасының қызу талқылауынан кейін қабылданған ортақ шешім 26 маусым күні салтанатты түрде жарияланады.


Соңғы жаңалықтар