Осы аптада елімізде төрт министр тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада елімізде төрт министр (біреуі қайта тағайындалды) тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аптаның басында Арыстанбек Мұхамедиұлының қызметінен босатылуымен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Мәдениет және спорт министрі лауазымына Ақтоты Райымқұлованытағайындады.

Ақтоты Рахметоллақызы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының композиция және фортепиано мамандықтары бойынша түлегі. Көптеген музыкалық туындылардың авторы, олардың ішінде «Ел бақыты», «Apple of Peace», «Көкжал» кантатысы, «Толғау», «Дала сыры» және «Жәмиля», симфониялық поэмаларының, «Аспан көші» екі актілі балеті, «Алатау» пьесасы, «Соңғы сезім», «Тұзды шөл», «Абай», «Еңлік-Кебек», «Абылайхан», «Естайдың Қорланы», «Гамлет», «Қорқыттың көрі», «Сыған серенадасы» секілді спектакльдерге музыкалық туындылардың, фильмдер мен сериалдарға саундтректердің авторы.

Түрлі жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының концертмейстері және оқытушысы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогигалық институтының оқытушысы болып қызмет етті. ҚР Мәдениет министрлігінің Мәдениет және өнер істері комитетінің төрайымы болды.

***

Сол секілді, жаңадан құрылған Сауда және интеграция министрлігін елорданың бұрынғы әкімі Бақыт Сұлтанов басқаратын болды. 1997 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрген Сұлтанов 2007-2010 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болып, 2010 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалған. 2012 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2013 жылдың қарашасынан 2014 жылдың тамызына дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-ҚР Қаржы министрі болса, 2014 жылдың тамызынан 2018 жылдың қыркүйегіне дейін ҚР Қаржы министрі болып еңбек еткен. 2018 жылдың қыркүйегінен 2019 жылдың маусым айына дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болған.

***

Сонымен қатар, Президенттің Жарлығымен Мағзұм Маратұлы Мырзағалиев Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Ол 2001-2004 жылдары Теңіз және Батыс Сібір кен орындарында бұрғылау ерітіндісінің инженері болған. АҚШ және Малайзияда тәжірибеден өткен. 2004-2007 жылдары Өндіріс жөніндегі менеджер (MI Drilling Fluids International компаниясының Ақтаудағы филиалының басшысы). 2007-2010 жылдары «ТеңізСервис» ЖШС бас директоры, 2010-2012 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директоры, 2012-2013 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Инновациялық даму және сервистік жобалар жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары, 2013-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Мұнай және газ вице-министрі болған. 2014 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Энергетика вице-министрі қызметін атқарған.

***

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері тағайындалды. Атап айтқанда, Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек Алматы қаласының әкімі, Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі, Ермек Боранбайұлы Маржықпаев Ақмола облысының әкімі, Оңдасын Сейілұлы Оразалин Ақтөбе облысының әкімі, Амандық Ғаббасұлы Баталов Алматы облысының әкімі, Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Атырау облысының әкімі, Асқар Исабекұлы Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі, Ерлан Жақанұлы Қошанов Қарағанды облысының әкімі, Архимед Бегежанұлы Мұхамбетов Қостанай облысының әкімі, Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қызылорда облысының әкімі, Болат Жұмабекұлы Бақауов Павлодар облысының әкімі, Құмар Іргебайұлы Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, Өмірзақ Естайұлы Шөкеев Түркістан облысының әкімі, Даниал Кенжетайұлы Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінде қалды.

***

Облыс әкімдерімен бірге Асқар Жұмағалиев та Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқара беретін болды.

«Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалсын, ол бұрынғы атқарған қызметінен босатылсын», - делінген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығында.

***

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің атауы өзгергенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Асқар Жұмағалиев ведомствоны 2018 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келеді.

***

Осы аптада сонымен қатар, Мемлекет басшысының Өкімімен Дархан Медеғалиұлы Жазықбаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.

***

Үстіміздегі аптада ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры міндетін атқару Дидар Смағұловқа жүктелді.

«Қасиетті Жұманы жаңа лауазымнан бастаймын! Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығына ауыстым! Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтің шақыруын қабыл алдым. Сырттан сынау оңай, оны өзің түзету күрделі. Маған ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры міндеті жүктеледі», - деп жазды Дидар Смағұловтың өзі facebook-тегі парақшасында

Соңғы жаңалықтар