Осы аптада ел спортында болған ерекше оқиғалар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада ел спортында бірқатар елеулі оқиға болды. Футболдан Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасы В дивизионына шығып, оған қоса 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына берілетін жолдаманы сарапқа салуға мүмкіндік алды. Осы аптада Түркияның Изник қаласында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізілуде. Ал 1 қазанда теннистен Astana Open ATP 500 турнирі жалауын көтерді. Сондай-ақ, елордада шахматтан ФИДЕ (WGP) әйелдер арасындағы Гран-при жарысының бірінші кезеңі мәресіне жетті. Ел спортындағы өткен аптадағы атаулы оқиғаларға ҚазАқпарат тілшісі шолу жасайды.

Ұлттық құраманың үздік нәтижесі

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында үздік нәтижеге қол жеткізді. С дивизионы үшінші тобында сынға түскен қазақстандық футболшылар елордада Әзербайжанды 2:0, Словакияны сырт алаңда 1:0, өз алаңында 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ал Беларусьпен сырт алаңда 1:1 есебімен тең түссе, елордада 2:1 есебімен басым түсті. Алтыншы турда Әзербайжанға 0:3 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде төрт жеңіс, екі тең ойын, бір жеңіліспен 13 ұпай жинаған қазақстандық футболшылар өз тобында бірінші орын алды. Бір тур бұрын В дивизионына жолдамаға қол жеткізген олар оған қоса 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына берілеті жолдаманы сарапқа салуға мүмкіндік алды.

Биыл Қазақстан құрамасы қарсыластар қақпасына сегіз гол соғып, өз қақпасына алты гол жіберіп алды. Турнир барысында ел құрамасынан Абат Айымбетов 3, Аслан Дарабаев, Ян Вороговский, Эльхан Астанов, Михаил Габышев, Бактиер Зайнутдинов бір-бірден гол соқты.

Турнир барысында қазақстандық футболшылар 18 мәрте сары, 2 мәрте қызыл қағаз алды.

Көкжиегі кеңейген көшпенділер ойындары

Түркияның Изник қаласында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өткізілуде.

Айтулы шараға 23 спорт түрінен медальдар сарапқа салынуда. Оған әлемнің 100-ге жуық елінен спортшылар қатысып жатыр.

Жалпы жарыста 23 спорт түрі қамтылған. Қазақстанның атынан 50 спортшы көкпар, көкбөрү, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату сайыстарынан ел намысын қорғауда.

Қазірге дейін Қанат Қасымхан дәстүрлі садақ атудан күміс алды.

Қазақстандық спортшылар бүгін, 2 қазанда қазақ күресі және көкпар, көкбөріден сайысқа түседі.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алғашқы үшеуі Қырғызстанның Шолпон-Ата қаласында ұйымдастырылды.

Аталған жарысқа 2014 жылы - 19, 2016 жылы - 60, 2018 жылы - 66 мемлекеттен спортшылар келді. 2014-2018 жылдар аралығында қазақстандық спортшылар барлығы 138 (40 алтын, 46 күміс, 52 қола) медаль алып, жалпы есепте екінші орында тұр.

Теннистен атаулы турнир жалауын көтерді

Ал елордада 1 қазанда Astana Open ATP 500 турнирі жалауын көтерді.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, іріктеу сайыстарына ұйымдастырушылардан төрт қазақстандық Денис Евсеев, Григорий Ломакин, Александр Недовесов және Арысланбек Айтқұлов арнайы шақырту алды.

Жекелей сында жарысты ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған А.Недовесов алғашқы кездесуінде әлемнің 69-ракеткасы, колумбиялық Даниэль Галанды 5:7, 7:6 (7:0), 6:2 есебімен ұтты.

Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев әлемнің 65-ракеткасы, бельгиялық Давид Гоффенге есе жіберді – 1:6, 4:6.

Арысланбек Айтқұлов ресейлік Павел Котовтан ойсырай ұтылды – 0:6, 0:6. Ал Григорий Ломакин түркиялық Алтуг Челикбелектен айласын асыра алмады – 3:6, 3:6.

Елордада шахматшылар сайысқа түсті

Шахматтан ФИДЕ (WGP) әйелдер арасындағы Гран-при жарысының бірінші кезеңі мәресіне жетті. Онда еліміздің атынан Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік сынға түсті.

Астана қаласында өткен Гран-при жарысында қазақстандық шахматшылар алғашқы ондықта болды.

Жарыс барысында Жансая Әбдімәлік бесінші орын алса, Бибісара Асаубаева оныншы орынға жайғасты. Жарыстың соңғы турында Жансая польшалық Алина Кашлинскаяны жеңсе, Бибісара қытайлық Чжу Цзиньэрмен тең ойнады.

Он бір партия нәтижесі бойынша Жансая Әбдімәліктің еншісінде 2 жеңіс, 7 тең ойын және 2 жеңіліс болса, Бибісара Асаубаевада 1 жеңіс, 7 тең ойын және 3 жеңіліс бар.

Гран-при сайысын сегіз ұпай жинаған ресейлік Екатерина Лагно жеңіп алды.


Соңғы жаңалықтар