Оспан батыр туралы қолжазба архивке тапсырылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінде «Қазақтың алтын аңызы – Оспан батыр және Нұрғожай батырдың мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оспан батыр Исламұлының ел мен жер үшін жасаған жанқиярлығы, Қытайдың Гомин және коммунистік үкіметімен қан кешіп ұрыс салған ұлт қаһарманының саяси әрекеті, сондай-ақ, Нұрғожай батырдың ерліктері мен мұрасы конференцияның басты тақырыбы болды.

Конференция барысында Ыстанбұл қаласынан арнайы келген Нұрғожай батырдың немересі Бахадүр Хаджихан мен Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара Оспан батыр туралы Нұрғожай батырдың түпнұсқа қолжазбасын архив қорына сыйға тартты.

Айта кетейік, қолжазба Нұрғожай батырдың өз қолымен төте жазумен жазылған әрі бұл бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған.

Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Баян Жұматаеваның айтуынша, қазақтың ХХ ғасырға таңбасын басқан соңғы батыры, Шығыс Түркістанда халқының егемендігі мен азаттығы жолында күрескен Оспан батыр Исламұлының қазақ тарихында алар орны өте зор.

«Америкалық тарихшы Линда Бенсон «Қазақтың алтын аңызы» деп атаған Оспан Батыр бүкіл Алтай жерін және Шығыс Түркістандағы қазақтарды езіп жаншып тұрған Қытай губернаторы Шың Шы Сайдан азат етуге күш салған.

Осы тұста айта кетейік, күрескер тұлғаның өмір жолын жаңа, тың қырларынан танытатын Оспан батырдың алғашқы сегіз комиссарының бірі Нұрғожай батырдың естеліктері үлкен тарихи маңызға ие. Өйткені Нұрғожай батыр Оспан батырдың жанында болған. Сондықтан осы екі алып тұлғаны бірге насихаттауды мақсат еткен болашақ ұрпақты рухани тұрғыдан бай, елжанды етіп қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз», - дейді Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Баян Жұматаева.


Соңғы жаңалықтар