Османлы сұлтанының қазақ ханына жолдаған хатында не жазылған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының директоры міндетін атқарушы Алмагүл Исина ҚазАқпарат тілшісіне 1713 жылы Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің қазақтың Қайып ханына жолдаған хатында не жазылғаны туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бүгін Ұлттық музейде «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрме ашылды. Тарихи құжаттардың арасында Қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының 1713 жылы жазылған хаттары бар. Көрме Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен, Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Көрмеге Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40 құжат қойылып отыр. Олардың барлығы Түркия мемлекетіне қарасты Османлы мұрағатынан алынған. Құжаттар арасында Қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының 1713 жылы жазылған хаттары сияқты деректер Қазақстан халқына тұңғыш рет ұсынылуда.

Көрме аясында Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының директоры міндетін атқарушы Алмагүл Исина Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің қазақтың Қайып ханына жолдаған хатында не жазылғаны туралы қысқаша айтып берді. Қазіргі уақытта Түркиядан келген Қайып Мұхаммед ханға жолданған падишах хатының көшірмелері әлі де зерттелу үстінде. Хатта ханның алған хабарға деген ризашылығы және өзара құрмет және достық тілегі баяндалған. Сондай-ақ, қазақ ханының елшісі Сейітқұл Бахадырға шапан кигізілгені жазылған.

«Әділдік пен діндарлық қасиеттерін бойына сіңірген, достық пен бейбітшілік байрақтарын желбіреткен, Ислам шекараларын қорғаушы, білгір Қазақ ханы Қайып Мұхаммед ханға сәлемімді мен жылы лебізімді  білдіремін. Жіберілген хатыныз таңдаулы елшіңіз Сейітқұл Бахадыр арқылы жеткізілді. Достық лебіңізбен жазылған хатыңыз оқылды. «Көңіл деген тізілген  сарбаздар секілді бір-бірлерін таныған жағдайда бірігеді және араласады» хадисінде  айтылғандай танысу, рухани және діни бірлесуді қажет етеді. Сіздің хатыңыз да бірлесуімізге негіз болып тұр. Ізгі мақсатпен келген елшіңіз өз мақсатын сәтті аяқтады. Елшіге еліне оралу үшін рұқсат берілді және шапан кигізілді. Қолыңыздағы хат та елші арқылы сізге жөнелтілді», - делінген Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің қазақтың Қайып ханына жолдаған хатында.
null null 

Алмагүл Исинаның айтуынша, хаттың бірі осылай келтірілген. Десе де, көшірмеде көрініп отырғандай, хаттың мәтіні біршама ұзақ. Алмагүл Исинаның айтуына қарағанда, сұлтанның ханға жазған хатының басында ұзақ-сонар ілтипат сөздер айтылған. Яғни, алғашқы парағы толығымен ілтипат сөздерімен жазылады.

«Хаттар османша жазылған. Аудару өте күрделі. Тағы бір хатында қазақтар тарапынан «қалмақтарға қарсы тойтарыс беретін әскердің дайындалып жатқаны, сіздерге (Осман империясына - авт.) хабар жібереміз, өз әскерлеріңізбен сіздер де қалмақтарға қарсы шығыңыздар» деген сипаттағы хаттар бар. Алдағы уақытта бұл тарихи құжаттардың бәрі аударылады», - деді Алмагүл Исина.

null 

Соңғы жаңалықтар