Ослодағы бейбітшілік және адам құқығы орталығы маусымда еліміздегі дін бостандығына қатысты қорытынды есептерін ұсынбақ
2010 жылғы 11 мамыр 15:01

Ослодағы бейбітшілік және адам құқығы орталығы маусымда еліміздегі дін бостандығына қатысты қорытынды есептерін ұсынбақ

АСТАНА. Мамырдың 11-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ослодағы Бейбітшілік және адам құқығы орталығының президенті, Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Кьель Манге Бондевикпен кездесті.

Кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген мейман қазақ жеріне адам құқығы жөніндегі екі бірдей ұйымның, атап айтқанда Ослодағы Бейбітшілік және адам құқығы орталығының және Хельсинки комитеті атынан келіп отырғандығын атап өтті.

Бұған дейін елімізде желтоқсан айында болып, Қазақстандағы дін бостандығына қатысты есеппен жұмыс істегендіктерін алға тартқан ол «біз Қазақстанның ресми тұлғаларына, оның ішінде Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа есеп жобасын ұсындық. Қазіргі уақытқа дейін обудсмендермен кездестік, енді Дін істері жөніндегі комитетпен және Парламент депутаттарымен кездесу жоспарланған. Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 18-ші бабына сәйкес Дін бостандығы адамның маңызды құқықтарының бірі. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы болғандықтан бұл тұрғыда ерекше жауапкершілікке ие. Сондықтан біз адам құқығы, әсіресе дін бостандығында Қазақстан Үкіметін ынтымақтастыққа шақырамыз», деді.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған орталық еліміздің дін бостандығына қатысты есебіне байланысты бірқатар қорытынды шығарып, ұсыныстар әзірлеген.

Сұхбат соңында Ослодағы Бейбітшілік және адам құқығы орталығы өкілдерінің маусымның 23-30-ында Астанада өтетін діни толеранттылық конференциясына қатысу үшін тағы да келетіндігін айтқан мейман, сол кезде еліміздегі дін бостандығына қатысты қорытынды есептерін ұсынатындықтарын жеткізді.

Сондай-ақ... оқыңыз

Jańalyqtar

MURAǴAT