Ослода Қазақстан дипломаттары Норвегияны фашизмнен азат еткен сарбаздарға тағзым етті

None
None
ОСЛО. ҚазАқпарат - 9 мамыр күні Норвегия астанасы Осло қаласында Қазақстан дипломаттары «Вестре гравлюнд» зиратындағы СССР сарбаздарының ескерткішіне гүлдестелерін қою рәсіміне қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Дипломатиялық миссиялар, ардагерлер қозғалыстары және жұртшылық өкілдері қатысқан салтанатты рәсімді Норвегияның Корольдік гвардиясы Құрметті қарауылының кернейшісі ашты.

Содан соң, Ресей Федерациясының Норвегиядағы Елшісі Теймураз Рамишвили Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске үлес қосқан барлық халықтарға алғыс білдірді. Ол соғыс жылдары 27 миллион СССР азаматы ажал құшқанын, оның 2/3 дені бейбіт адамдар болғанын атап өтті.

Ослодағы зиратта Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Норвегияда қаза тапқан 347 кеңес сарбазына ескерткіш орнатылған. Онда «Норвегия сіздерге алғыс білдіреді» деген жазу бар.

Дәл осы күні Қазақстан дипломаттары Сербия елшісі Сузанна Бошкович-Продановичпен бірге Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Норвегияда көз жұмған Югославия партизандарының обелискісіне гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ бүгін Норвегия қалаларында қалыптасқан дәстүр бойынша шерулер өтеді.

Биыл күзде Норвегияның фашизмнен азат етілгеніне 75 жыл толады. 1944 жылғы 7 қазаннан бастап 1 қарашаға дейін Петсамо-Киркенес операциясы барысында - Қызыл Әскер және ӘТФ күштерінің вермахт әскерлеріне қарсы шабуылдаушы әрекеттерінде, оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Норвегияның солтүстігін азат етуде - норвег жерінде 2,1 мың кеңес жауынгерінің өмірі қиылды. Олардың арасында қазақстандықтар да бар.

Ал Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары фашистік лагерлер жүйесі арқылы Норвегиядан СССР-дың 100 мың әскери тұтқыны, негізінен Қызыл әскердің сарбаздары мен офицерлері өткен. Олардың 13,7 мыңы норвег жерінде көз жұмған. Бүгінге дейін Норвегия зерттеушілері 7 мыңнан астам адамның аты-жөндерін анықтай алды.

Норвегия Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 10,3 адамынан айырылды. Олардың ішінде, 2 749 әскери қызметкер болған (405 Тойтарыс беру жауынгерін қосқанда).

Авторы Ілияс Омаров

Соңғы жаңалықтар