Өскеменнің жаңа әкімі бір айда тындырған шаруаларын баяндады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Осыдан бір ай бұрын Өскемен қаласының әкімі болып тағайындалған Жақсылық Омар Фейсбуктегі парақшасындааталмыш лауазымға келгелі шаһарда қандай шаруалар атқарылғанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өр Алтайдың орталығы - Өскемен қаласына әкім болып тағайындалғаныма бүгін тура бір ай болды. Әдетте жаңа қызметке кіріскенде оң-солды танып, танысуға біраз уақыт жұмсалатын. Бірақ, таяп қалған қыс, аяқталуы тиіс жолды жөндеу жұмыстары мұндайға мұрша бермеді. Оған қоса, біраз жыл өзім тұрып келген Өскеменнің тіршілігі мен үшін бөтен емес», - деп жазады Жақсылық Омар.

Қала әкімінің жазуынша, ең алдымен шаһарды қысқа дайындау жұмыстары пысықталған.

«Қаланы жылытуға жауапты кәсіпорындардың, басқа да коммуналдық ұйымдардың жұмысын тексеріп, қарқынын арттырдық. Жылыту маусымына дайындық жоспарлы түрде жүргізілуде. Қала үшін биылғы жылдың өзекті мәселесі - жөндеуі созылып кеткен, қопарылып жатқан көшелер. Сондықтан, бұл сұрақ ерекше бақылауға алынды. Күнделікті нысандарды аралаудың нәтижесінде жұмыс ілгеріледі. Атап айтар болсақ, бүгін Крылов көшесі арқылы өтетін Үлбі өзеніндегі көпір ашылды. Жақын күндері Астана көшесі ашылады», - дейді ол.

Жақсылық Омардың жазуынша, қаланың сәнін бұзатын, заңсыз орнатылған дүңгіршектерді алғызу бойынша да жұмыс күшейтілген. Арнайы комиссия анықтаған 200 дүңгіршектің 14-і алынып тасталған.

«Жалпы, Өскеменнің жергілікті атқарушы органдары қала тұрғындарының белсенді түрде араласуымен шаһарымызда өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды күнделікті атқаруда. Жұмыла істеген жұмыстың нәтижесі оң болары анық», - дейді әкім.

Соңғы жаңалықтар