Өскеменнің үздік мұғалімі: Қазіргі заман педагогі үнемі ізденісте болуы керек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы С.Нұрмағамбетов атындағы №4 орта мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып еңбек ететін Ольга Гатауллина биылғы «Үздік педагог» байқауында оза шапқандардың бірі. Әркез шәкірттерінің көңіл-күйін бағып, назарларын сабаққа байыппен аударуға тырысатын педагогтың 30 оқушысы түрлі додаларда жүлделі орындарды иеленген. ҚазАқпарат тілшісі Ұстаздар күніне орай Ольга Гатауллинамен сұхбат құрды.

- Мұғалімдік жолға қалай келдіңіз?

- 1965 жылы Өскеменде жарық дүние есігін аштым. Екі жоғары білімім бар. Оның бірі техникалық, екіншісі педагогикалық. 1998 жылдан бері ұстаздық етіп келемін. Информатика - бұл ақпарат және оны өңдеу әдістері туралы ғылым. Оқушыларды Facebook, WhatsApp желілерінде тарайтын жалған ақпараттарға сенбеуге, Blockchain сынды виртуалды қаржылық пирамидаларының қармағына ілінбеуге, iPhone, iPad немесе iPod, iOS немесе mac OS-ты ажырата білуге үйретеміз.

Осы 23 жылдық еңбек өтілімде түрлі деңгейдегі педагогикалық шеберліктің он екі сайысына қатысып, алты рет 1 орын, бір рет 2 орын, төрт рет 3 орын иелендім. «Қашықтан оқыту тәсілдері мен құралдары» курсының сертификатталған тренері болып, Moodle қашықтан білім беру технологиясы тьюторының куәлігін алдым.

- Осы пәнге қатысты қандай авторлық бағдарламаларыңыз бар?

- Қазіргі уақытта сәтті қолданылып жүрген екі бағдарлама авторымын. Олардың бірі

«Бағдарламалау, 3D-модельдеу, робототехника» Қазпатенттің 2019 жылғы авторлық куәлігімен расталған. ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың хаттамалық тапсырмасы бойынша жасалған екінші бағдарламам «жалпы білім беретін орта мектепте объектілі-бағытталған бағдарламалау» деп аталады. Осы жұмысым 2020 жылы «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсында I орынға ие болды. Сондай-ақ былтыр «Қашықтан оқытудың тәсілдері мен құралдары» біліктілікті арттыру курстары бағдарламасын құру бойынша авторлық ұжымның құрамына кірдім. Осы арқылы өзім 80 мұғалімді оқыттым.

- Биік белестерді бағындырған шәкірттеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.

- 30 оқушым түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жүлдегерлері атанған. 11 сынып оқушысы Надежда Закусилова 2019 жылы облыстық IT-форумда үздік әлеуметтік жоба үшін С.Аманжолова атындағы ШҚУ ректорының грантын ұтып алды. Тағы бір шәкіртім Давид Борозинц 2021 жылы бағдарламалау бойынша облыстық Хакатонның гран-приін жеңіп алды. Үш оқушым жолымды қуып, информатика пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде.

- Жақсы ұстаздың бойында қандай қасиет болу керек деп ойлайсыз?

- Қазіргі заман педагогы үнемі ізденісте болуы керек. Себебі күн сайын жаңашылдықтар, түрлі өзгерістер болып жатады. Мұғалімнің соның бәрінен хабардар болып отыруы шарт. Біздің мектеп директоры ылғи да «балаға қандай да бір баға қоймас бұрын оның бүгін не ішіп, қайда ұйықтағаны жайлы ойланыңдар» дейді. Бұл сөздің жаны бар. Ұстаз әркез өзін оқушының орнына қойып көруі тиіс. Себебі тұрмысы төмен отбасыдан шыққан, жанұясы толық емес балалар болады. Сол үшін мен әр шәкіртімнің көңіл-күйін бағып, қас-қабағын аңдып отырамын. Ретін тауып, назарын сабаққа аударуға тырысамын.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар