Өскеменнің 300 жылдығы тойлана ма – министрлік жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан Өскемен қаласының мерейтойын атап өту жөнінде ұсыныс түскен жоқ. ҚазАқпараттың ресми сауалына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі осылай жауап берді.

Шығыс Қазақстанда Өскемен қаласының тарихы туралы тұрғындар пікірі екіге жарылып, баспасөз бетінде айтыс-тартыс жүріп жатыр. Бір топ 18-ғасырда салынған отарлау бекінісін алға тартып, Өскеменге 300 жыл болды десе, екінші топ археологиялық зерттеулерді негізге ала отырып, қаланың тарихын 1000 жылмен өлшеп отыр.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті басшысының орынбасары Майраш Сағымбаеваның айтуынша, елді мекендердің мерейтойын атап өтудің өз регламенті бар.

«Қазақстан Республикасындағы мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі № 1465 Қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған Қаулыға сәйкес облыстардың, қалалардың, мерейтойлары жүз жылдығында және одан әрi әрбiр 25 жылда аталып өтiледi», - дейді ол.

Комитет өкілі еліміз бойынша аталып өтетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесін жергілікті атқарушы әкімдік ұсыныстары негізінде бекітілетінін айтады.

«Осы ретте бүгінге дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан Өскемен қаласының мерейтойын атап өту жөнінде ұсыныс түспегенін жеткіземіз. Ал Өскемен қаласының тарихи жасын анықтау мәселесі белгіленген тәртіпке сәйкес, ең алдымен ғылыми қауымдастықтың талқылауына шығарылуы тиіс. Яғни ,ҚР Білім және ғылым министрлігіне бағынысты жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен оқу орындарының ғалымдарына ұсынылуы қажет. Осыдан кейін ғана, оны атап өту бойынша тиісті шешім қабылдануы керек деген пікірдеміз», - дейді Майраш Сағымбаева.

Соңғы жаңалықтар