Өскеменнен ЭКСПО-2017-ге жаяу келген қазақ азаматы: Бұл әлем көз тіккен шараға қосқан үлесім

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем көз тіккен Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесін қолдау мақсатында Өскеменнен Астанаға жаяу жол тартқан қазақ азаматы Ғалымжан Тоқтар бүгін межелі мәреге жетті.


ҚазАқпарат агенттігі 1 мың шақырымға жуық алыс жолды артқа қалдырған желаяқпен сұхбатын назарларыңызға ұсынады.

-  Ғалымжан Тоқтарұлы ең әуелі өзің туралы  айтып берсеңіз, қай жердің азаматысыз, негізгі мамандығыңыз қандай?

-  Мен 1988 жылы Қытайдың Алтай аймағына қарасты Жеменей ауданында дүниеге келдім.  Қазақ еліне ат басын бұрғаныма 7 жыл болды. Негізгі мамандығым машина жасау саласы. Спортқа бала күнімнен қызығамын.

-  Бұл сапардың басты мақсаты не? Идея қалай туды?

-  Бұл идея менің көптен бері көкейімде жүрген еді. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазақ еліне келгеніме 7 жыл болып қалды. Ел азаматы ретінде әлем көз тіккен үлкен шараға аз да болса үлес қосқым келді. Ата жұртқа келудегі мақсатымда өз еңбегімді, күш-жігерімді отаныма арнау еді. Сол үшін белді бекем буып, елордадағы «Мәңгілік Ел» қақпасын бетке алып жаяу тартып отырдым. Қазақтың ұланғайыр кең сахарасын өз табаныммен басып, ЭКСПО халықаралық көрмесін жұртшылыққа насихаттау басты мақсатым болды.

-  Жолда қандай қиындықтар, қызықтар болды?

-  Менің жолдағы қиындығым, кезінде аттың жалында жүріп, қан мен терін төгіп, ақ найзаның ұшымен осыншама жерді бізге мұра еткен бабаларымыздың істерінің алдында түкке тұрғысыз деп білемін. Әрине, әрбір істі бастау қиын. Алғашқы күндері аяғым ауырып, сіресіп қалған күндер болды. Біртіндеп үйреніп кеттім. Күннің ыстығы, жолдағы маса- шіркейдің де әуресі көп болды. Әсіресе, Астанаға жақындаған екі күнде алдымнан қарсы жел тұрып жүгіруге ауыр болды. Алайда, қонақжай қазақ жұртының кең пейілі, жолдағы жанкүйерлерімнің демеуі бәрін ұмыттырып жібереді.

-  Жолдағы тамақ, жатын орын мәселесін қалай шештіңдер?

Бұл сапарға ешқандай арнайы мекемелердің араласуынсыз, туған-туыс, жолдас-жораларымның көмегімен шықтым. Соңымнан әйелім Еркегүл Мұқиятқызы көлікбен еріп отырды. Бір дәрігеріміз бар. Тамақты да өзімізбен алып жүргенбіз. Түнде жол үстінде түнесек деп өзімізбен бірге шатыр да ала шыққанбыз. Кейде далада, кейде құдайы қонақ болып жолдағы ауылдарға қонып отырдық. Біздің келе жатқанымызды алдын ала біліп, телефон шалып, «біздің үйге қоныңдар» деп қонақжайлылық танытқан ағайындар аз болмады. Кейбір кісілер қазақ салты бойынша алдымнан айран,қымыз алып шығып, аталар батасын берді.

-  Әр күні неше сағат жол жүрдің, демалыс уақытың қалай?

- Менің күнделікті жүгіру, тынығу тәртібін көлікпен еріп шыққан әйелім қадағалап отырды. Таңертең сағат 6-да тұрып, 6:30-ға дейін таңғы асымды ішіп, сағат 7-ден жүгіруді бастап кетемін. Бір күнгі жүгіру межесі - 8 сағат, жүгіру ұзақтығы - 60-80 шақырым.

-  Міне бүгін көздеген мақсатыңа жетіп, ЭКСПО -2017 көрмесінің алдында тұрсың, елге бір ауыз тілегіңді айтсаң?

- Барша қазақ елін ЭКСПО -2017 халықаралық көрмесінің ашылуымен құттықтаймын! Бұл біздің елдігіміздің , бірлігіміздің арқасы. Осыны әр-бір қазақ сезінсе деймін. Құдайға шүкір, бұл күнде елімізді бүкіл әлем мойындады. Бұл көрме соның айғағы. Маған жанкүйерлік танытқан, тілеулес болған барлық жандарға алғысымды білдіремін. Қазақ елінің алар асуы бұдан да биіктей берсін деп тілеймін!

null

Соңғы жаңалықтар