Өскемендіктер өз таңдауын жасауда: Қаладағы сайлау учаскесінен фоторепортаж

None
Фото автордікі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы Көкжал Барақ көшесінде орын тепкен №46 мектепте №97 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Таңертеңнен онда келіп жатқан халық қарасы аз емес. ҚазАқпарат тілшісі аталған учаскеге барып, сайлаушылардың белсенділігін көріп қайтқан еді.

№97 сайлау учаскесі сағат 07.00-де ашылды. Сайлау учаскесінің төрағасы Айжан Жомартқызының айтуынша, сол уақыттан бастап қазірге дейін 300-ден астам адам келіп дауыс берді.

«Биылғы сайлауға ерекше дайындалдық. Себебі ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы болғандықтан бюллетень саны да көп. Бұрын сайлау кезінде 3 кабина қойылса, осы жолы кабина саны тағы екеуге толықты. Мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы болу үшін арнайы жабдықталған орындар да бар», - дейді ол.

Айжан Жомартқызының сөзінше, учаскеде 10-нан астам байқаушы отыр. Олар сайлаудың заң шеңберінде өтуін бақылауда.

«Бізге Есенберлин көшесі, 8, 8/1, 8/2, 13/1, 13/2, 13/3, 13/4, 13/5, 13/6 үйлері, Қазыбек би даңғылы 9/1, 9/2, 9/3, 9/4, 9/5, 9/6 үйлері, Әл-Фараби даңғылы 16, 18, 26, 28, 36, 40, 46, 38/1, 38/2, 38/3, 42/1, 42/2, 42/3 үйлері және №21-тұрғын аудан кіреді. Бұл мекенжайларда 3 мыңға жуық адам тұрады. Жалпы, азаматтардың барлық сайлауға белсенді қатысатынын байқадым. Себебі осы үйлерде мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер көп. Қазір де өз таңдауларын жасап жатқандар аз емес. 80-нен асқан қарт әже де келіп дауыс беріп кетті», - дейді №97 сайлау учаскесінің төрағасы.

Байқаушылардың бірінен сайлаудың қалай өтіп жатқанын сұрап көрдік.

«Ел дауысы» қоғамдық қорынан байқаушы ретінде осы учаскеде отырмын. Сайлау талапқа сай өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ», - дейді Гәусәр Пәтіқан.

Дауыс беру үшін учаскеге келген Жібек маталар комбинаты ықшам ауданының тұрғыны Нұрғази Кесембаеваның бүгін туған күні екен. Меншік мерекесінде саяси науқаннан қалыс қалмаған ол өз таңдауын жасады.

«Осы уақытқа дейін елімізде болған түгел дерлік сайлауға қатысып келдім. Сайлауда дауыс беру – біздің отбасы үшін дәстүрге айналды десек те болады. Осы жолғы депутаттар сайлауы дәл туған күніммен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл да тектен текке емес шығар. Сол үшін өз дауысымды бердім. Ал туған күнді ертең туған-туыстың ортасында атап өтемін», - дейді ол.

Қала тұрғыны Шаймардан Мергенбайұлының айтуынша, бұл сайлаудың маңызы зор.

«Әл-Фараби даңғылында тұрамын. Еліміздің, отбасымның, немерелерімнің болашағы үшін өз дауысымды бердім. Алдағы уақытта Қазақстанда оң өзгерістер болады деп сенемін. Әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, медицина сапасы жақсарса деген тілегім бар. Содан соң зейнетақы көлемі ұлғайса екен, - дейді зейнеткер.

Айта кетейік, Өскеменде бүгін 122 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Қала бойынша барлығы 243 169 адам дауыс беруге құқылы.


Соңғы жаңалықтар