Өскемендік тергеуші: Азаматтардың алғысын алғанда жұмыстың ауырлығын ұмытып кетесің

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – 6 сәуір – Тергеушілер күні. Қызығынан қиындығы басым бұл салада маңдай терін төгіп жүрген нәзік жандар аз емес. Соның бірі – Айсұлу Садықова. Өскемен қалалық Полиция басқармасында жұмыс істейтін оның облыс бойынша үздік тергеуші атанғаны да бар. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Айсұлу өз жұмысы жайлы айтып берді.

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ...

- 1985 жылы Өскемен қаласында дүниеге келдім. №44 орта мектепте білім алған соң С.Аманжолов атындағы Шыңыс Қазақстан университетіне «құқықтану» мамандығына түстім. 2008 жылы университетті бітіріп, Глубокое аудандық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінде тергеушінің көмекшісі болып жұмысқа орналастым. 2011 жылдың сәуір айында Өскемен қалалық полиция бөлімінің Үлбі полиция бөлімшесіне тергеуші болып ауыстым. Екі жылдан соң аға тергеуші атандым. 2015-2018 жылдары аталған бөлімнің тергеу бөлімшесін басқардым. 2020 жылдың маусым айынан қазіргі уақытқа дейін Ертіс полиция бөлімінде аға тергеуші болып еңбек етіп келемін. Шенім – полиция майоры.

- Тергеуші мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?

- Отбасымызда полиция қызметкері жоқ. Мен біздің әулеттегі осы салаға бет бұрған бірінші адаммын. Жоғары оқу орнында жүргенде полицейлер мен тергеушілер жиі келіп, семинарлар ұйымдастыратын. Өз жұмыстарымен таныстырып, қатарларына шақыратын. Оқудағы бірінші іс-тәжірибемді Үлбі полиция бөлімінде өткіздім. Сол кезде маған тергеушінің жұмысы ұнап, қызығушылығым арта бастады. Осылайша, қолыма диплом тигенде ойланбастан осы жолды таңдадым.

- Әуел баста тергеуші жұмысы қиынға соққан шығар?

- Әрине, оңай болған жоқ. Жұмыстың ауыртпалығы бірден сезілді. Әсіресе түнгі кезекшілікке қалғанда қиналатын едім. Өндірісімдегі қылмыстық істер бір сәтте 10-нан асып кететін. Алайда уақыт өте келе етіміз үйреніп, тәжірибеміз қалыптаса бастады. Ер адамдардан қалыспай күндіз-түні қызмет ету дағдыға айналып кетті. Құдайға шүкір, сол еңбегімнің жемісін де көріп жатырмын. Жоғары көрсеткіштерім үшін грамоталар, Алғыс хаттар алып, 2013 жылы облыс бойынша үздік тергеуші атандым.

- Жұмыс барысында есте қалған ерекше істер болды ма?

- 2012 жылдың жазы. Үлбі полиция бөлімінде тергеушімін. Жалпы бұл бөлімнің қарамағындағы үлкен көшелерде түрлі қылмыстар болып жатады. Бірде 30-гвардиялық дивизия көшесінде орналасқан колледждің қасындағы стадионда әйел адамды ұрып-соғып, тонап кетті. Келесі күні тағы бір нәзік жанды зардап шекті. Одан кейінгі күні тағы біреу қылмыскердің құрбаны болды. Осылайша, екі аптаның ішінде бір жерде 7 әйел тоналған. Бұл стадион арқылы Мирный кентіне төте жол бар. Жәбірленушілердің барлығы үйлеріне қайтып немесе шығып бара жатқан-ды.

Байқағанымыздай, барлық әйелдердің жақтары сынған, демек тонаушы бір әдіспен әрекет еткен. Тұтқиылдан соққы беріп, сөмкелерін, пакеттерін тартып алып, тайып тұрды. Сондықтан зардап шегушілер оның бет-әлпетін дұрыс көріп те үлгермеген.

Осыдан соң полицейлер стадион маңайын торуылдап, күндіз-түні аңдумен болды. Бірде көзге іліккен жас жігіт сақшыларды байқай салысымен қаша жөнелген. Алайда алысқа ұзамай қолға түсті. Кезінде волейболмен айналысқан оның күрзі жұдырығы расыменде бір соққыдан жақ сындырарлықтай екен. Тергеу аяқталған соң, сот үкімімен ер адам түрмеге қамалды.

Ал қазір мен есірткіге қатысты қылмыстық істерді тергеумен айналысудамын. Бұрын есірткі саудалаушы дегенде талай рет темір торда жазасын өтеп шыққан, кәнігі қылмыскер елестейтін еді. Өкінішке қарай, бүгінде мұрты енді тебіндеп келе жатқан бозбалалар осындай қылмысқа баруда. Мәселен, былтыр қала бойынша кәмелеттік жасқа толмаған 2 бала аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды сату мақсатында сақтағаны үшін сотталды. Оның бірі – Риддер қаласынан Өскеменге оқуға түскен студент. Әке-шешесінен жырақта жүрген 16 жастағы жасөспірім осылай пайда таппақ болыпты. Ақшаның жоқтығынан есірткі сатты деуге келмес. Ата-анасы оның жалғыз өзіне пәтер жалдап берген. Көп жағдайда жастар қымбат телефон алып, сәнді киім кию үшін теріс жолға түсіп жатады. Бұл өте үлкен мәселе.

Осы ретте, біз алдын алу шараларын да қолға алып жатырмыз. Мектептерге, колледждер мен университеттерге барып, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Балаларға «жеңіл ақша табамын деп заңды белден баспаңыздар. Болашақтарыңызды ойлап, білімдеріңізді шыңдап, адал жолмен еңбек етуге ұмтылған жөн» деп түсіндірудеміз.

- Жас тергеушілерге қандай ақыл-кеңес айтасыз?

- Жұмысқа тұрып, 1 жыл бойы қауырт қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңып шыққан адам ары қарай да істеп кетеді. Менің ойымша, тергеуші болу үшін бірінші кезекте осы салаға деген қызушылық қажет. Одан кейін шыдамдылық, қайсарлылық, еңбекқорлық болу шарт.

- Осы саланы таңдағаныңыз үшін өкінген сәттер болды ма?

- Жоқ. Керісінше, азаматтар шынайы ризашылығын, ақ пейілдерін білдіріп жатқанда таңдаған бағытымның дұрыстығына қуанып, шабыттана түсемін. Саяжайларда, пәтерлерде жасалған ұрлыққа қатысты істер ашылғанда әжелеріміз келіп алғыстарын айтып, баталарын берген сәттер мен үшін өте ыстық, ерекше бағалы. Осындай кезде жұмыстың ауырлығын да ұмытып кетесің.

- Әңгімеңізге көп рахмет !


Соңғы жаңалықтар