Өскемендік «робинзондар» сыртқа тек қайық арқылы қатынап жүр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендегі 12 үй күн сайын Ертістен қайық арқылы өтіп жүр. ҚазАқпарат тілшісі ерекше тұрмыс кешіп жатқан ауылға арнайы барып, жағдайымен танысып қайтқан еді.

Саяжайдан сая тапқандар

Өскемен су электр стансасының бөгетін жағалай 500-ден астам үй орналасқан. Шатқалдағы саяжайда жыл он екі ай тұратындар бар. Олардың саны 200 үйге таяу. Соның ішінде 12 үй сыртпен тек қайық арқылы байланысуға мәжбүр.
null null
null

Өткен ғасырдың ортасында Өскемен су электр стансасы қолданысқа берілген. Алып бассейннің жағасында саяжайға таптырмайтын орын пайда болады. Тәуелсіздік жылдары қалаға жөңкілген қазақтар пәтер жалдауға жағдайы жетпеген соң осы саяжайларды үйге айналдырған.

Келімді-кетімді жұртты Ертістің бетінде қыдыртып, нәпақа тауып жүрген қайықшылар бізді СЭС-тің іргесіндегі 40-50 үйі бар ауылға бағыттады. Ал қайық арқылы қайтынайтын 12 үй сол ауылдан 6 шақырым жерде орналасқан екен. Қайықшылар нұсқаған үйлерге абақтының дәлізіндей темір торлы құрсаудан салынған жаяу көпір арқылы өттік. Алып бөгетті қабырғалай салынған көпірдің ұзындығы бір шақырымға таяу. Жол-жөнекей бірнеше адамға жолықтық. Өзін Ирина деп таныстырған егде әйел жаяулықтың зары әбден өткенін, әсіресе үлкен жүк тасымалдау қиын екенін айтады.
null null null

«Қайық жалдауға көбіміздің жағдайымыз жоқ. Сондықтан амалын тауып, бөгет ішіндегі төте жолды ашқызамыз» - дейді тұрғын.

Ал бірнеше жас өздерін мұнда қыдырып келген қалалықтармыз деп таныстырды. Біз кері қайтқанда әлгі «қалалықтар» қарсы жолықты. Жағаға шыққан бетте СЭС-тің аумағы әскермен күзетілетінін ескерткен тақтайшалар қарсы алды. Сәл жүрген соң Алтай ауданынан азынап келе жатқан пойыз жолымызды кесті. Теміржолдан аттап, ауылға кірдік.

«1993 жылдан бері осында тұрамын. Баламның бәрі есейген. Қазір әйелім екеуіміз ғана қалдық. Жастардың мұнда тұрақтағысы жоқ. Жедел жәрдем, өрт сөндірушілер сирек келеді. Дүкенге бір барғанда молынан қамтуға тырысамыз. Бір ауылдасымыз сауда дүңгіршегін ашып көрген. Көп өтпей, жауып тынды. Бір жақсысы, бұл жер қаланың даңғазасынан ада. Сол тыныштыққа малданып, көшпей отырмыз. Көшем деген күннің өзінде үйдің өтуі екіталай», - деді Владимир Зиновьев есімді теміржолшы. Ауласы қыздың жүгіндей жинақы. Бригадирі Ернұр Кәрімовпен қоржын үйді бөлісіп тұрып жатыр. Бертінге дейін ауылда құдық болмапты. Ертістің суы соңғы 10 жылда ғана ішуге жарамсыз күйге түскен дейді өздері. Қазір әр аулада құдық бар. Аузында бір-бір қара құлып. Үй иесінен су сұрап іштік. Аздап құм татитындай.
null null
null

Енді көшпейтін шығармыз...

Ернұр Кәрімов Ұлан ауданының Сағыр ауылында туып-өскен өсіпті. Тоқсаныншы жылдары жұмыссыз қалғанын, сосын қайын жұрты осында жұмыс бар деп шақырғанғанын еске алады.

«Басында оңды жұмыс тапқанша амалдай тұрармын деген үмітпен келіскем. 26 жыл тұрыппын. Ұл ұяға, қыз қияға кетті. Ширек ғасырым өте шығыпты. Енді көшпейтін шығармыз. 50-ден асқан мен сияқтыларға басқа жұмыс табу қиын ғой. Мал ұстаймын. Қорамыз ауыл шетіндегі бөктерде. Мал ұрлығы қатты. Сондықтан көршімен кезектесіп күзетуге тура келеді. Қыста қатынау қиын демесеңіз, тұруға болады. Көмір, жем-шөп әкелер кезде СЭС басшылығына өтініш жазамыз. Бөгет ішіндегі төте жолды сонда ғана ашады. Басқа кезде террористік қауіпсіздік ережесі бойынша жабық. Ал төтенше жағдай, жедел жәрдем көліктері кедергісіз өтіп жүр. Қыста біз аш қалмас үшін алғашқы қар түсе салысымен әкімдік өкілдері тізім алып кетеді. Мыза көшесіндегі толайым базар бағасы бойынша керек-жарағымызды бір қысқа қамдап береді. Оның өзі үлкен көмек» - дейді Ернұр Кәрімов.

Соңғы жылдары бұл ауыл курорттық аймаққа айналады деген сыбыс жиі айтылып жүрген көрінеді. Ондай болса, мал бағуға тыйым салына ма деп алаңдайды жағалаудағы жұрт.
null null null null null null

Кезінде мұнда қарттар үйі болыпты. Күлден құйып соққан қос қабатты ғимарат қазір барақтың қызметін атқарып тұр. Екі подъезде бар-жоғы 4 отбасы тұрады. Ересектер жұмыста болса керек, ауладан екі бозбала ғана жолықты.

Инфрақұрылым атаулыдан кенде қалған қос қабатты үйдің тұрғындары қыста көмір жағады. 4 пәтерде де мектеп жасындағы балалар бар көрінеді. Білім үшін олар да ересектерден қалыспай, бір шақырымдық көпірді еңсеріп, Аблакет кентіне автобуспен қатынайды.

Ескегіңді берші маған...

Негізі, бұл ауылға құрлық арқылы да қатынауға болады. Ол үшін Өскеменнің өзге қиырындағы Жыланды ауылы арқылы көпірден өтіп, 25 шақырым жол жұру қажет. Екі жыл бұрын көпірді су қозғап, құрлық арқылы байланыс біржола үзілген екен. Көктем шыққалы жөндеу жұмыстары жандаған көрінеді. Көпір қалыпқа түскен күннің өзінде СЭС жағасына жету үшін көлігіңіз жол талғамайтын болғаны абзал. Асты аласа мәшинемен шықсаңыз, өркеш тастардың біріне аспақталып, жолда қалуыңыз әбден мүмкін.
null

Осы азапты жолдың бойында Ертістің тұтқынындағы 12 үй жатыр. СЭС пен арадағы қашықтық - 6 шақырым. Қайықшылар «таксиге» шықпаған күндері осыншама аралықты жаяу еңсеруге тура келеді.

Өздері бұл мекенді «Басов заимкасы» деп атайды. 12 үйдің бәрі де Катонқарағай, Тарбағатай, Күршім сияқты алыс аудандардан қоныс аударған. Ешбірі қыстаудың атын иеленген Басовтың кім болғанын білмейтін болып шықты.
null null

«Арғы бетке өту үшін кісі басына 200 теңге төлейміз. Ол жақта «Шлюзная» аялдамасынан автобусқа отырып, діттеген жерімізге жетеміз. Қайықшылардың бәрі жұмыссыз. Осы кәсіп арқылы нәпақа айырып отыр. Телефон арқылы уағдаласып барып шығамыз. Кейде ауыздарына ащы су тисе, көліксіз қаламыз. Ондайда жаяу көпірге қарай салпаңдаймыз» - дейді Айнагүл Төлепбергенова есімді тұрғын. Осыдан 15 жыл бұрын Катонқарағай ауданының Белқарағай ауылынан қоныс аударған әйел балаларын осы қыстауда аяқтандырып, қазір жолдасымен жалғыз қалған.
null null null null

«Қайным аттан құлап аяғын сындырып алды. Жедел жәрдем үш сағат дегенде әрең келді. Соны ауруханаға апарып қайтқан бетім осы. Соңғы жылдары мал ұрлығы жиілеп кетті. Былтыр ғана 12 үйден 11 бас сиыр, екі бас жылқы жоғалды. Ұрылар ұсталғанмен, малдың шығыны өтелген жоқ» - дейді Айнагүл Төлепбергенова.

Бұл үйлердің бар қайғысы жол қатынасы ғана емес. Елді мекен саяжай коперативі ретінде тіркелгендіктен, электр қуатын жекенің меншігіндегі стансадан алып отыр.

«Кооператив мүшесі ретінде жылына 15 мың теңге төлейміз. Ал жарық үшін айына 12 мың теңге шығып жүр. Жол азабын желеу еткен көмір тасымалдаушылар биыл бір рейске 30 мың теңге алды. О баста бұл жерге пәтер жалдап тұрғанша өз үйіміз болсын деп келген едік. Қазір шығыны пәтер жалдау ақысымен бірдей», - дейді қашықтағы саяжай тұрғыны.

null null null

Соңғы жаңалықтар