Өскемендік оқушылар антисептик шашатын робот жасады
2022 жылғы 22 мамыр 11:51

Өскемендік оқушылар антисептик шашатын робот жасады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында биылғы Балалар жылына орай оқушылар мен студенттер арасында IT-фестиваль өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«New generation» деп аталатын фестивальде облыстың түкпір-түкпірінен мектеп оқушылары мен колледж, университет студенттері қатысты. Білім саласындағы ауқымды ІТ-көрмеде балалар мен жастар өз жобаларын көрсетіп, ой-пікір, тәжірибе алмасты.

«Бүгін фестивальде өз жобамызды – антисептик шашатын роботты ұсынып отырмыз. Ол датчик арқылы жұмыс істейді, қазақ тілінде еркін сөйлейді және коронавирус инфекциясының алдын алу туралы нұсқаулар береді. Қазір бұл роботты мектебімізге орнатып қойдық», - дейді О.Бөкей атындағы №44 лицей-мектебінің оқушылары Ділназ Нәбиолда және Дияс Ермұханбетов.

Қатысушылар 6 бағыт бойынша өз жұмыстарын ұсынды, атап айтқанда «Kids Skills», «Maker Fest», «Junior Skills», «Startup-жобалар», «Robotime», «ClusterPro». Олардың ішінде қауіпсіздікті ұйымдастыруға, ойын ойнауға, оқытуға қатысты жоба жасағандар болды.

Фестиваль барысында ғылыми ойын-сауық алаңы ұсынылды. Мұнда келушілер заманауи технологиялар саласындағы соңғы жетістіктермен танысуға мүмкіндік алды.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстанда биыл 7,5 мың түлек ҰБТ тапсыратындығын хабарлаған едік.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT