Өскемендік оқушы картоп өсіру үшін экологиялық таза тыңайтқыш жасап шығарды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемендік оқушы Денис Лагутин үй жағдайында картоп өсіру үшін экологиялық таза тыңайтқыш жасап шығарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемен қаласында оқушылар арасында ғылым фестивалі өтті. Үш күн бойы балалар өздерінің ғылыми жобаларын қорғады.

Жобалар тақырыбы әр түрлі болды. Оқушылар тарих, тіл, жаратылыстану, математика сияқты бағыттарды зерделеген.

Арасында бұрын-соңды зерттелмеген, тың тақырыптар да бар.

Мәселен, 9 сынып оқушысы Фархат Солтанбеков «Күнбағыс тұқымының қауызынан фитомеланин пигментін алу» тақырыбында тәжірибе жүргізіп, оң нәтижеге қол жеткізген.

«Осы жобамен бір жыл көлемінде айналысып келемін. Тұқымның қабығы ультрадыбыстық аймақтың көмегімен өзгертілді. Пигментті феомеланин алдық, енді оны косметология мақсатында қолдануға болады. Яғни, осы арқылы емдік және косметикалық кремдер жасауға мүмкіндік бар», - деді Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында оқитын Фархат Солтанбеков.

Табиғатты, жануарлар мен жәндіктерді зерттеу үшін дарынды балаларға арналған мамандандырылған валеологиялық мектеп оқушысы Виктор Федоров «Жануарлар әлемі» 3D кітабының мобильді қосымшасын әзірледі.

Кітаптың скриншотына мобильді қосымшаны апарып жануарлар мен жәндіктерді 3D форматта көруге болады.

Дәл осы мектептің тағы бір оқушысы Денис Лагутин үй жағдайында картоп өсіру үшін экологиялық таза тыңайтқыш жасап шығарған.

Ол пияз, жұмыртқа, банан, қызылша цитрус қабықтары мен шай жапырақтарынан жасалған.

«Алгоритмі келесідей: тыңайтқыш үшін 20 жұмыртқа қабығын, 10 шай жапырақтарын, 10 қызылша қабығын, 10 бадананың қабығын, 10 банан мен цитрус қабығын, 10 апельсинді жинау қажет. Содан кейін қалдықтарды кептіріп, ұсақтап, араластыру керек. Нәтижесінде, экологиялық таза тыңайтқышы бар картоптың салмағы 4 келі 405 гр құрады. Ал химияны қолдану арқылы салмағы 1 келі болды. Жаз бойы ата-әжемнің саяжайында осы тыңайтқышпен тәжірибе жасауды жалғастырамын», - дейді Денис.


Соңғы жаңалықтар