Өскемендік мұғалімдер мен ата-аналар Pfizer вакцинасы жайлы пікірлерімен бөлісті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы мұғалімдер мен ата-аналар Pfizer вакцинасы жайлы пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

12-18 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер Pfizer вакцинасын салдыруда. Шығыс Қазақстанда аталған вакцинамен егу науқаны 15 қарашада басталған. Өскемен қаласындағы № 39 орта мектеп директоры Гүлмира Абюрова да өз балаларына екпе салдыруға келісім берген.

«Жолдасым екеуіміз балаларды вакцинациялау жөн деп шештік. Өйткені ата-ана ретінде міндетіміз – олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Балаларымда екпеден кейін жанама әсерлер болған жоқ. Осы ретте, ата-аналарды дұрыс таңдау жасауға шақырамын. Тек вакцина арқылы ғана қалыпты өмірге орала аламыз», - дейді ол.

№ 19 орта мектеп директоры Қайрат Киікбаев өз сөзінде мұғалімдер, ата-аналар толғандырған сұрақтарға жауап алу үшін медицина мамандарымен кездесу ұйымдастырылғанын айтты.

«Түсіндіру жұмыстарынан кейін олардың басым бөлігі вакцина алуға бел буды. Оның ішінде менің 17 жастағы ұлым да бар. Вакцинация денсаулықты сақтаудың жалғыз механизмі деп санаймын. Біздің мектепте мұғалімдердің жүз пайызы екпе салдырған», - деді ол.

Жасөспірімдерді вакцинациялау тек ата-аналардың немесе олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде және емханалар жанындағы вакцинация орталықтарында жүргізілуде.

«Вакцинация балалар үшін өте маңызды. Вирус барлық жерде таралып жатыр. Менің ұлым да екпе алды. Ол өзін жақсы сезінеді, ешқандай шағым жоқ. Барлық ата-ана өз баласының денсаулығы үшін дұрыс шешім қабылдауы керек», - деп өз ойымен бөлісті ата-аналардың бірі Оксана Гончарова.


Соңғы жаңалықтар