Өскемендік кәсіпкер дамуында ауытқуы бар балаларға арналған балабақша ашты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында кәсіпкер Лилия Мамбурова дамуында ауытқуы бар балаларға арналған балабақша ашқан. Бүгінде мектепке дейінгі мекемеде 40-қа жуық бала оқуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өскеменде дамуында ауытқуы бар үш жастан алты жасқа дейінгі бүлдіршіндердің саны 1400-ден асады. Олар білім алу үшін арнайы мекемелерге барып оқулары керек. Алайда осы уақытқа дейін шаһарда аутистік спектрі бұзылған балаларға арналған балабақша болған емес. Мұны ескерген кәсіпкер Лилия Мамбурова игі шараны қолға алып, осындай мектепке дейінгі мекеме ашты. Ерекше қажеттілігі бар балаға қалай қарау керектігін ол жақсы біледі. Себебі оның қызы 5 жастан асқанға дейін мүлде сөйлей алмаған.


«Дәрігерлер балама аутистік спектрдің бұзылуы деген диагноз қойды. Көмек сұрап жүгінген мамандардың барлығы маған бірауыздан «балаңызды емдеу мүмкін емес» дегенді айтты. Алайда үмітімді үзбей, басқа амалдарды қарастыра бастадым. Байқағанымдай, қалада ерекше қажеттілігі бар балаға тиісті көмек көрсететіндей бірде бір мамандандырылған мекеме жоқ екен», - дейді Лилия Мамбурова.


Ойлана келе ол сондай мекемені өзі ашуға бел байлаған. Бүгінде жоспары іске асып, «Ғажайыптар мекені» атты балабақша жұмыс істеп тұр. Бұл жерде дамуында ауытқуы бар балақайлар инклюзивті сыныптарында оқып, қоғамда өмір сүрудің әлеуметтік, коммуникативті, күнделікті дағдыларын үйренуде. Дефектолог, нейропсихологтар балалармен жұмыс істеудің заманауи әдістерін қолданады. Олар АҚШ, Ресей, Польша елдерінен шақырылған мамандардан дәріс алған.

«Қазір осының нәтижесінде тілі шыққан қызымның танымдық дағдылары дами бастады. Оның болашақта бір мамандық иесі атанып, ел қатарлы өмір сүре алатынына сенімім кәміл. Балабақшаны «Ғажайыптар мекені» деп атауымыздың да себебі бар. Мұнда күн сайын керемет бір оқиға болып жатады. Мысалы осы уақытқа дейін сөйлемегендердің тілі шығып, адамға тура қарай алмайтындар көзін тіктеп қарап және сол сияқты басқа да ғажайыптар орын алады. Осындайда жан сарайымыз жадырап, кеудемізді қуаныш кернейтіні рас. Ата-аналардың ризашылығы бізге қанат бітіреді», - дейді кәсіпкер.


Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеуді, қоғамға бейімдеуді кішкентай кезінен бастау керек. Уақтылы көмек көрсетіп, оңалту жұмыстарын жүргізген жөн.

«Көп жағдайда ата-аналар дамуында ауытқуы бар баласымен қалай сөйлесерін де білмей жатады. Сол үшін біздің балабақшадағы арнайы психолог апта сайын олармен кездесіп, бәрін бүге-шүгесіне дейін түсіндіреді. Баланы дұрыс әдіс-тәсілмен оқыту арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Ең бастысы, ешқашан берілмеу керек. Біздің балабақшадан бітірген балақайлар қатарластарынан қалмай мектепке де бара алатын жағдайға жетеді», - дейді Лилия Мамбурова.


Наурыз айынан бастап мектепке дейінгі мекеме балаларды жаңаша қабылдайтын болады. Нақты айтсақ, толық күндік топқа жазылғандар сағат таңертеңгі 09.30-дан кешкі 17.30-ға дейін, жарты күндіктегілер таңертең және түстен кейін 4 сағаттан білім алмақ. Қалалық әкімдіктің әлеуметтік қолдауының арқасында бүлдіршіндерге белгілі бір жеңілдік те жасалған.

«Алдағы уақытта Еуропа елдерінің біріне барып, біліктілігімді арттыруды ұйғардым. Көргенімді, санаға түйгенімді қарамағымдағы мамандарға үйретпекшімін. Бір орында тұрмай үнемі дами беру керек. Жуықта балабақшада бассейн ашылды. Келешекке де жоспарларымыз көп», - дейді кәсіпкер.



Соңғы жаңалықтар