Өскемендік кәсіпкер 2,8 млрд теңгенің салығынан жалтарған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 2016 жылдан бері 2,8 млрд теңгенің салығынан жалтарып келген өскемендік кәсіпкер 5 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тауар сатып, жүк тиеу және тасымалдау қызметімен айналысқан 39 жастағы кәсіпкер 2016 жылдан бері бірнеше рет салықтан жалтарған. Ол үшін кәсіпкер азаматтық некедегі әйелі мен оның туыстарының атына бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркетеді. Аталмыш компаниялардың мөрі мен құжаттары, салық декларациясын тапсыруға арналған электронды кілттер кәсіпкердің өз қолында болған. Ал серіктестіктердің жасанды иелері бұл іске көз жұма қарағаны үшін ай сайын ондаған мың теңге көлемінде «сыйақы» алып отырған.

Аса ірі көлемде алыпсатарлықпен айналысқан кәсіпкер үш жылдың ішінде 2,8 млрд теңгенің салығын жасырып қалған. «300.08» формадаға салық декларациясын тапсыру кезінде түскен табыс мөлшерін бұрмалап, көрсетілген қызмет көлемі туралы жалған шот-фактура ұсынып отырған. Мемлекеттік кіріс департаментінің мамандары кәсіпкердің салық декларациясындағы деректер мен нақты табысын салыстыру барысында бұрмалаушылық барын анықтап, тексеру жүргізу туралы шешім қабылдапты. Кәсіпкер сот алдында өз кінәсін мойындады.

«Сот оны Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша кінәлі деп тапты. Кәсіпкердің кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар екені ескеріліп, кінәсін толық мойындағандықтан 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның үстіне мемлекеттен жалтарған 2,8 млрд теңгені қайтаруға міндеттелді. Прокурордың 84 млн теңге көлемінде қосымша мемлекеттік баж өндіріп алу туралы талабы да қанағаттандырылды» - делінген Өскемен қаласының №2 сотының баспасөз қызметі берген мәліметте.

Соңғы жаңалықтар