Өскемендік блогер баланың ауласы адам танымастай өзгерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өскемендік блогер бала Досжан Дулатұлының ауласы адам танымастай өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бірер күн бұрын бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында өскемендік балақайдың түсірген видеосы тараған болатын. Онда ол көп жылдан бері жөндеу көрмеген «Маяковский, 20» мекенжайындағы ойын алаңын аралап, сынып біткен әткеншектерді көрсетеді. «Балалардың ойнағысы келеді. Бірақ «двор» осындай. Жаман. Түк ойнай алмайсың. Балалар үйінде отырады қамалып», - деген еді Досжан Дулатұлы есімді оқушы.

Ақыры, баланың базынасы қала басшылығының құлағына жетіп, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар осыдан он шақты күн бұрын әлеуметтік желі арқылы өз үйінің ауласындағы балалар алаңының мүшкіл күйін айтқан оқушымен кездескен болатын.

«Қазір қалада мыңдаған аула бар. Олардың көбіне 40 жылдай уақыт жөндеу жүргізілмеген. Мәселені кешенді шешу үшін облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Менің аулам» бағдарламасы жүзеге асырылуда. ПИК өтініш берген барлық аула бюджет есебінен толықтай жөнделетін болады. Өкінішке орай, дәл осы аула өткен жылы өтінішті дұрыс бермеген екен. Соның салдарынан аула жөнделетіндердің тізіліміне кірмей қалған», - деп түсіндірген еді Жақсылық Омар.

Бүгін ғана ҚазАқпарат тілшісіне Досжанның әкесі Дулат Уанов видео жіберді. Шағын видеода Досжанның дегені орындалып, аула сипатының жақсарғаны анық байқалады. Сынған әткеншектердің орнына жаңасы орнатылып, сырланған орындықтар, балалар ойнайтын алаңның бәрі жаңадан салынған. Видеода ауладағы балалардың шат күлкісі естіледі. Дулат Уановтың айтуынша, Досжанның ауласы туралы түсірілген видеоны елордадағы қайырымдылық қорларының бірі көріп, бір күннің ішінде ауланы адам танымастай өзгертіп кеткен.

Соңғы жаңалықтар