Өскемендегі көрмеде 600-ге жуық алтын жәдігер қойылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендегі «Сакралды география» атты көрмеде 600-ге жуық алтын бұйым қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сакралды Қазақстан» жобасының аясында ұйымдастырылған көрме Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкентану музейінде өтіп жатыр. Берелдегі «Патшалар жазығы», Шілікті қорымы мен Елеке сазы жайлауынан қазылған археологиялық жәдігерлер 30 қыркүйекке дейін 4200 адамның назарына ұсынылмақ.

«Көрменің басты жәдігері – «Алтын адам». Одан бөлек 1200 экспонат қойылған. Соның тең жартысы алтын бұйымдар. Сақ және ғұн, көне түркі қорымдарынан табылған археологиялық заттар Алтай баурайындағы көшпелі өркениеттің қаншалықты озық болғанын көрсетеді. Қыркүйектің ортасына қарай бұлардың қатарын жаңа жәдігерлер толықтырады. Биылғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдарға арнайы орын қалдырып қойдық. Олар қазір қайта жөндеуден өтіп жатыр»,- дейді музейдің тарихшы-археолог маманы Галина Кущ.

Еске салсақ,белгілі археолог Зейнолла Самашев Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, ШҚО-дағы сақ дәуірінің алғашқы кезеңіне жататын қоныстардағы қазба жұмыстары, Берел қорғанындағы археологиялық зерттеулердің қорытындысы және шетелдік ғалымдармен әріптестік туралы айтып берген болатын.




Соңғы жаңалықтар