Өскемендегі Кировтың ескерткіші тұрған саябаққа Қасым Қайсеновтың есімі берілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты аймақтық маңызға ие бірнеше қалалардың көшелерін қайта атау жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін бірнеше сатыдан өтіп, ақыры республикалық ономастикалық комиссияның қарауына түскен бірнеше нысанның жаңа атауын облыстық мәслихат депутаттары бекітті. Ворошилов - Шәкәрім, Революционная - Қалихан Ысқақ, Орджоникидзе - Сағадат Нұрмағамбетов, Дзержинский - Әміре Қашаубаев, Октябрьская - Мұхамеджан Тынышпаев, Комсомол көшесі - Жастар болып өзгерді. Ал Кировтың ескерткіші тұрған «Жастар» саябағына Қасым Қайсеновтің есімі берілмек. Екі жыл бұрын аталмыш ескерткіштің орнына партизан жазушының ескерткішін қою туралы бастама да көтерілген болатын.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөлімінің басшысы Роза Төлемісованың айтуынша, былтыр басталған ономастикалық жұмыс бүгін соңғы кезеңнен өткен. Енді облыс әкімдігінің қаулысы мен мәслихаттың шешімін негізге ала отырып, Әділет департаментіне тіркету ғана қалды.

«Бір Өскеменнің өзінде 37 көше мен даңғыл, саябақтар көптен күткен атауларына ие болды. Облыстық маңызға ие Семей, Риддерде, Курчатов қалаларында ондаға көшелердің аты өзгеретін болады. Әділет органына тіркелгеннен кейін барып, тақтайшалары ауысып жаңа деректер ортақ базаға түседі» - дейді Роза Төлемісова.

Соңғы жаңалықтар