Өскемендегі дүкенде әйнек жууға арналған улы сұйықтық сатылған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы дүкенде әйнек жууға арналған улы сұйықтық сатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жуықта полицияның кезекші бөліміне «Қазақстандағы автохимияны өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінен арыз келіп түсті. Онда жазылғандай, Өскемендегі дүкен лицензиясы жоқ бола тұра құрамында метанолы бар (ҚР Үкіметінің 02.16.2015 жылғы №59 қаулысына сәйкес, улы заттар тізіміне енгізілген) әйнек жууға арналған сұйықтықты сатып келген.

«Бірлестік өкілдері сұйықтықты сатып алып «ОйлсертИнтернейшил» ЖШС-ға зерттеу жасатқан. Соның нәтижесінен сұйықтықтың құрамында 5,09% метанол бар екендігі белгілі болды. Өскемен қаласының мамандандырылған тергеу соты қала көшелердің бірінде орналасқан дүкен иесіне және ондағы жұмысшыларға қатысты құпия тергеу амалдарын жүргізуге рұқсат берді», - делінген хабарламада.

Дүкенді және қоймаларды тінту барысында әйнек жууға арналған сұйықтықтың 484 данасы табылып, тәркіленген. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 301-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар