Өскеменде зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін орталық ашылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін арнайы орталық ашылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті мен Өскемен қаласы әкімдігі арасында зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсету мақсатында меморандумға қол қойылды.

«Әйелдер мен балалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – ең негізгі мақсаттардың бірі. Бүгінгі күні дағдарыс орталықтарында сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына жан-жақты көмек көрсететін орталықтар қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген елдерде осындай арнайы құрылған орталықтарда жәбірленушілерге тиісті қолдау көрсетіледі», - деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.

Меморандум аясында қаладағы «Үлбі» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталық ашылмақ. Онда зардап шеккендерге түрлі сала мамандары көмек көрсететін болады.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да биыл мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы 50 рет бұзылғандығы хабарланған.



Соңғы жаңалықтар