Өскеменде жол жөндейтін мердігерлердің жұмысы сылбыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ШҚО әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі жол жөндеу жұмысының барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда жүк көліктері кірмес үшін Өскемен қаласын айналып өтетін жолдар салынып жатыр.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды.

«Понтон көпірінен басталатын жолды жөндеумен айналысатын мердігерлерге қатысты мәселе бар. Олар жолды пайдалануға беру мерзімін негізсіз созып келеді. Қазір асфальт төселді. Бірақ жол жиектері, бұрылыстар, жаяу жүргіншілердің жолдары жасалмаған. Осы жұмыстарды мүмкіндігінше тезірек аяқтау қажет», - деді ол. ⠀

Даниал Ахметов атқарылып жатқан жұмыстарды тексеру барысында Өскемен қаласының әкіміне жол құрылысы жүйесіндегі бірқатар кемшілікті көрсетті.

Өз сөзінде ол жасалған жолдың асфальты қопарылып, еңбек еш кетпес үшін суық түскенше барлық олқылықтың орнын толтыру керектігін айтты.

Сондай-ақ әкім теннис орталығының құрылысын бақылады.

«Мұнда жағдай мүлде басқаша. Мердігерлер кестеден қалмай істеп жатыр. Бұл еліміздегі бірегей спорт ғимараты болмақ. Осында қосымша дене шынықтыру-сауықтыру диспансері орналасады. Яғни, біздің спортшылар жарақат алған жағдайда осы жерде емдеу және оңалту курстарынан өтеді», - деді өңір басшысы.


Соңғы жаңалықтар