Өскеменде жоғалған 7 жасар бала саяжайда түнеп шыққан

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Ұлы жоғалғаннан кейін анасы Өскемен қаласының полиция басқармасына жүгінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ішкі істер министрлігінің Telegram парақшасына сілтеме жасап.

Кәмелетке толмаған баланы табу үшін дабыл бойынша жедел-іздестіру тобы дереу жиналды.

Тәртіп сақшылары гүлзарларды, саябақтарды, жастар жиналатын орындарды, дәмханаларды, тұрғын үйлердің кіреберістерін мұқият аралап шықты.

Жоғалған баланы іздеуге Өскемен қаласы ПБ жеке құрамының 270-тен астам қызметкері қатысты.

«Адасып қалды деген оймен тәртіп сақшылары кәмелетке толмаған баланы түні бойы іздеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгін таңертең кәмелетке толмаған баланы полиция майоры Мақсат Смекенов пен полиция капитаны Сержан Ақпаев саяжай қоғамдастықтарының бірінен тапты. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Аман-есен үйіне жеткізілді», - деді Өскемен қаласы полиция басқармасының бастығы Андрей Мула.


Фото: t.me/POLICE_of_KZ





Соңғы жаңалықтар