Өскеменде жетім баланың пәтерінде мемқызметші тұрып жатқаны жайлы ақпарат - жалған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының әкімдігі жетім балаларға берілетін жалдамалы пәтердің мемлекеттік қызметкерге берілгені жайлы ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

24 қыркүйекте бұқаралық ақпарат құралдарында қалалық әкімдік қызметкерлерінің кәмелет жасына толмаған жетім балаларға берілген жалдамалы пәтерде тұрып жатқаны жайлы ақпарат тараған. Осыған орай бастамашыл топ 100-ден астам пәтерді аралап, тексеру жүргізді.

Анықталғандай, «Үміт» балалар үйінің кәмелетке толмаған тәрбиеленушілеріне берілген пәтерлердің бірінде басқа адам тұрып жатыр. Нақтыланбаған мәлімет бойынша, ол Өскемен қаласы әкімінің аппаратында жұмыс істейді.

Әкімдіктің мәліметінше, бұл пәтер балалар үйінің 13 жастағы тәрбиеленушісіне тиесілі. Бірақ жасөспірім үйде жалғыз өзі тұра алмайтындықтан, балалар үйінің басшылығы ол кәмелетке толғанға дейін пәтерді үшінші адамға беру туралы шешім қабылдаған.

«Бізге 4 жасында келген баланы бірден баспана кезегіне қойдық. Бірақ оның кезегі 18 жасқа толмай тұрып келіп қойды. Пәтерден бас тарта алмаймыз, өйткені содан кейін бала мүлдем баспанасыз қалуы мүмкін. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамту ережесі бойынша біздің пәтерді үшінші тұлғаға жалға беруге хақымыз бар», - дейді «Үміт» балалар үйінің педагогы Қарлығаш Құсайынова.

Оның айтуынша, пәтерді жалға беру кезінде балалар үйі жалдаушының жұмыс орнын анықтауға тиіс емес. Ал пәтерде уақытша тұратын адам ай сайын үйді жалға алу бағасы мен коммуналдық төлемдерді төлеп, баланың есепшотына 20 мың теңге аударып отырады.

Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізілген. Соның нәтижесінде пәтерді жалдап тұрып жатқан адамның Өскемен қаласы әкімдігінің қызметкері еместігі анықталды.


Соңғы жаңалықтар