Өскеменде жастар арасындағы жыршылар сайысында 6-сынып оқушысы жеңімпаз атанды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде Наурыз мерекесіне орай өткен жыршылар байқауында 6-сынып оқушысы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған байқауға 30-ға жуық үміткер қатысты. Алдын ала іріктеуден өткен 6 үміткер Республика алаңына жиналған көпшілік алдында өнер көрсетті. Жыршылардан өздері қалаған дастанды нақышына келтіре, мүдірмей айту талап етілді. Дастаннан жаттаған үзінді үш минуттан қысқа болмау керек деген шарт та қойылды. Жастар арасындағы байқауға мектеп оқушылары да белсенді қатысты. Үміткерлер «Алпамыс», «Қобыланды батыр» сияқты эпостық жырлармен қоса Мұхтар Шаханов пен Мағжан Жұмабаевтың поэмаларын нақышына келтіре орындады.

Байқау қорытындысы бойынша «Қобыланды батыр» жырын ерекше мақаммен мүдірмей айтып шыққан 6-сынып оқушысы Сабилиян Бақыт жеңімпаз атанды. Екінші орынды Риддер қаласынан арнайы келген 7-сынып оқушысы Махмұт Жәнібек иеленді. Ал үшінші орын Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенті Айсымбат Еркінге бұйырды.

«Ұлымды кішкене күнінен жаңылтапш жаттатып, ауыз әдебиетіне әуес қылып тәрбиелеп келеміз. Эпостық жырлардан бөлек Мөңке би мен Махамбеттің толғауларын жатқа біледі» - дейді байқау жеңімпазының әкесі Амантай Бақытұлы.

Ал ұйымдастырушылар байқауды дәстүрлі шараға айналдырмақ.

«Жыршылар сайысына халықтың қызығушылығы осынша жоғары болады деп ойлаған жоқ едік. Қатысуға ниет танытқандар көп болды. Сондықтан, алдағы уақытта байқаудың ережелерін ширатып, бұдан да үлкен ауқымда өткізсек деген ойымыз бар. Жас буынның ауыз әдебиетіне деген қызығушылығы жақсы. Бүгінгі байқауда іріктеуден өткен үміткерлердің көбі мектеп оқушылары болғанын өздеріңіз де көрдіңіздер» - дейді О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана директоры Жанар Кенжебекқызы.

null null null null null null

Соңғы жаңалықтар