Өскеменде жаңа жылу электр станциясын салу ұсынылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Ольга Булавкина Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында Өскемен қаласы тұрғындарының денсаулығына өңірдегі ауа сапасы нақты қауіп төндіріп тұрғанын айтты.

Депутаттың айтуынша, атмосфераға жалпы шығарындылар жылына 158 мың тоннаны құрайды. Былтыр тіркелген деректер бойынша 42 жағдайда ауада ластаушы заттар шекті нормадан асып кеткен.

«Шығыс Қазақстан облысының Экология департаментінің мәліметі бойынша кей жерлерде азот диоксиді 2 есеге, күкіртсутегі 3,8-ден 9,8 есеге өсіп кеткен болатын. Бұл заттардың көп көлемде кездессе, тыныс алу жүйесіне кері әсерін тигізеді, сонымен қатар топырақтың қышқылдануына, жануарлардың улануына, өсімдіктердің қурап кетуіне, экожүйенің бұзылуына әкелуі мүмкін», - деді Ольга Булавкина.

Сенатор Өскемен ЖЭО және Согра ЖЭО кәсіпорындарының шығарындылары ең үлкен үлесті құрайтынын атап өтті. Олардың үлесі жылына 45 мың тоннаға жетеді.

«Барлық экологиялық талаптарды ескере отырып, Өскемен қаласында жаңа жылу электр станциясын салу мәселесін қарауды, техникалық байқау операторларына қойылатын талаптарды қатаңдатуды, халық пен жылу энергетика кәсіпорындарына өткізілетін мұнай өнімдері мен қатты отынның сапасын бақылаушы органның жауапкершілігін күшейтуді сұраймын. Жеке секторға арналған электр энергиясына түнгі тарифті қайтару мүмкіндігін қарастыру маңызды деп санаймын. Сондай-ақ ірі өнеркәсіп орындарының түтін газдары мен ағынды суды бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу мәселесін қарастыруды сұраймын», - деді сенатор Ольга Булавкина.


Соңғы жаңалықтар