Өскеменде түтіндеген пәтерде есінен танып қалған ер адам құтқарылды

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында құтқарушылар түтін тұмшалаған подъезден 7 адамды эвакуациялап, пәтерде ес-түссіз жатқан ер адамды алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Славский жағалауы көшесіндегі көпқабатты үй тұрғындары «101» қызметіне хабарласып, подъез іші түтіндеп кеткенін айтқан. Оқиға орнына жедел келген өрт сөндірушілер барлау жүргізіп, түтіннің екінші қабаттағы пәтерден шыққанын анықтады.

«7 тұрғын эвакуацияланғаннан кейін құтқарушылар пәтерге кіріп, ес-түссіз жатқан ер адамды тапты. Өрт сөндірушілер зардап шегушіні бірден таза ауаға шығарды. Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қазіргі уақытта азамат бірінші қалалық ауруханаға жеткізілген», - делінген ақпаратта.

Көп ұзамай өрт сөндірушілер жалпы ауданы 4 шаршы метрді құраған қызыл жалынды ауыздықтады. Тілсіз жаудың неден шыққаны әзірге белгісіз.


Соңғы жаңалықтар