Өскеменде тұрғын үй подъездерінің есіктері ұрланып жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендегі көпқабатты үйлердің кіре берісіндегі қымбат темір есіктер ұрланып жатыр. Полицейлер қылмыскерлерді іздестіруде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде осы мәселені көтеріп, бірқатар жазбалар қалдырған. Олардың айтуынша, белгісіз біреулер домофонды есіктерді ұрлауды әдетке айналдырған. Қолданушылардың бірі 25 қаңтар күні Қазақстан көшесі, 107-үйдің подъезінен есік ұрланғанын жазады.

«Ұрлық 25 қаңтар күні кешкі 18.00 шамасында жасалған. Есікті шешіп алу үшін ұрылар біраз уақыттарын жұмсапты. Оқиға бейнекамераға жазылып қалды, бірақ қылмыскердің бет-әлпеті көрінбейді», - деді «Универсал» пәтер иелері кооперативі өкілдері.

Осыған ұқсас қылмыс Қазақстан көшесіндегі 103-үйде және Мызы көшесінде де орын алған.

«Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, аталған іске қатысы бар адамдар іздестіріліп жатыр», - деп хабарлады ШҚО ІІД баспасөз қызметі.

Үйлердің кіре берісіндегі домофонды есіктердің бағасы кем дегенде 100 мың теңгеден басталады екен.

Соңғы жаңалықтар