Өскеменде «Тәуелсіздік» монументінің құрылысы басталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында «Тәуелсіздік» монументінің құрылысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздік» монументі Қазыбек би және Есенберлин даңғылдарының қиылысында бой көтермек. Монумент қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихының белгісі ретінде бедерленеді.

Композиция биіктігі 12,6 метр және диаметрі 11,3 метр болатын алтыбұрышты тік монументтен тұрады. Төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихы бар рельеф болады. Орталық бөлігінде қазақ халқының бірлігі мен тәуелсіздігін білдіретін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би мүсіндері орналасады.

«Монументтің екі жағында Қазақ хандығы қабылдаған Жеті жарғы заңдарының үзінділері жазылады. Монументте Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібек ханның мүсіндері де орналаспақ», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Барлық мүсіндер қоладан, ал монументтің қабырғалары ақ мәрмәрден жасалады.

Сәулетші және жоба авторы – суретші Сәрсен Сейітов. Жобаны желтоқсан айында тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында аяқтау жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар