Өскеменде Тәуелсіздік күні қарсаңында әлеуметтік нысандар ашылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында Тәуелсіздік күні қарсаңында әлеуметтік нысандар ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Өскемендегі М.Шаяхметов атындағы №23 орта мектепте инклюзивті білім беру кабинетінің салтанатты ашылуы өтті. Білім ордасында бір жарым мыңнан астам оқушы бар болса, оның 31-і ерекше білім беруді қажет етеді.

Жоба Дара қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылған. Кабинет инклюзивті білім беру саласындағы ғылымның соңғы тенденцияларына сәйкес жабдықталған. Оның ашылу салтанатына Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қатысты.

«Жыл сайын қалада инклюзивті білім беру кабинеттері көбейіп келе жатыр. Себебі ерекше қажеттіліктері бар балалар әлеуметтен шеткері қалмауы керек. Кабинетте балалар психолог, логопед және дефектологтың көмегін ала алады», - деді ол.

Бұдан бөлек, айтаулы мереке қарсаңында Ertis City тұрғын үй кешенінде жаңа балабақша пайдалануға берілді. Шағын аудан халқын мектепке дейінгі білім беру мекемесінің жетіспеушілігі бұрыннан бері толғандырып келе жатқан еді. «Балдәурен» балабақшасында 170 орындық жеті топ болмақ. Балабақша жиһазбен және барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.


Соңғы жаңалықтар