Өскеменде «Сындарлы 30 жыл – 30 асу» атты кітап көрмесі ашылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы А.С. Пушкин атындағы кітапханада «Сындарлы 30 жыл – 30 асу» атты кітап көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған көрме жыл бойы жалғасады. Сөреге қойылған басылымдар отыз жыл ішіндегі Қазақстанның жаңа тарихынан орын алған маңызды оқиғалардан сыр шертеді.

«Бүгінде кітапханаға келетін жастар аз. Сондықтан осындай кітап көрмесінің ашылғаны құптарлық жағдай. Жастарымыз Тәуелсіздігімізді қастерлей білуі керек. Бостандықтың жолында құрбан болған ұлтжанды ақын-жазушыларымыздың шығармалары жеткілікті дәрежеде насихатталуда. Мәңгілік ел болу идеясын негізге ала отырып, ұрпағымызды кітап оқуға баулу жағын да ескергеніміз жөн. Себебі ел тарихының шындығы осы басылымдарда», - деді ШҚО Jas Otan жастар қанатының төрағасы Алмас Айтмұқаш.

Көрмеде бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену, ашық ғарышқа шығу, ғылым, мәдениет, спорттағы жетістіктер, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз еткен экономикалық модернизация мен әлеуметтік саясаттың серпілісті бастамаларының нәтижесін айшықтайтын фактографиялық, статистикалық материалдар ұсынылған. Сондай-ақ «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының, соның ішінде Шығыс Қазақстандағы археологиялық қазбалардың нәтижелері бойынша ғылыми жұмыстарды ашатын кітаптар да қойылған.

«Кітап көрмесінде ұсынылған басылымдар Тәуелсіз Қазақстанның маңызды оқиғалары мен жетістіктерін толық көрсетеді. Осы кітаптар арқылы Тәуелсіз жас мемлекеттің алғашқы нық қадамдарын, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық және бейбіт сыртқы саясатының арқасында әлемдік аренадағы беделді бастамашыл елге айналғанын білуге болады», - дейді кітапхана қызметкері Арайлым Қайратқызы.


Соңғы жаңалықтар