Өскеменде шаурма сататын дүңгіршектен өрт шықты

None
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында құтқарушылар өртенген шаурма сататын дүңгіршектен 2 газ баллонын алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскемендегі М. Горький көшесінің бойында орналасқан шаурма сататын дүңгіршекте өрт шыққан.

Күнбағыс майы жанып, от жеке заттарға, тұрмыстық техникаға және дүңгіршектің ішкі қаптамасына тарады.

«Оқиға орнына құтқарушылар шұғыл келіп жетті. Олар дүңгіршек ішінен 27 литрлік 2 газ баллонын сыртқа алып шықты. Көп ұзамай тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Зардап шеккен ешкім жоқ», - делінген ақпаратта.


Белгілі болғандай, өрттің шығу себебі - пеште тамақ дайындау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау.

Дүңгіршек иесіне қатысты ҚР ӘҚБК-нің 410-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Осы ретте облыстық ТЖД кәсіпкерлерден өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.

Ғимарат ішінде алғашқы өрт сөндіру құралдары, жұмысқа жарамды автоматты өрт дабылы болуы керек.

Еңбек ұжымына тұрақты түрде нұсқаулық өткізіліп отырылуы қажет.


Соңғы жаңалықтар