Өскеменде сатира, шарж, карикатура жанрындағы алғашқы көрме ашылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 1 сәуір- күлкі күні Пушкин атындағы облыстық кітапханада жергілікті қылқалам шеберлерінің «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігімен бірлесе ұйымдастырған «Езу тартар» атты сурет көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ШҚО ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

«Жаңғыру» шығармашылық бірлестігі 2019 жылы белгілі суретші жерлесіміз Құдаш Дәулетқанұлы Нұрсадықовтың бастамасымен жас таланттарды қолдау және аймағымыздағы бейнелеу өнерін дамыту мақсатында құрылған болатын. Қазіргі таңда шығармашылық бірлестік 25 суретшінің басын қосып отыр.

«Езу тартар» – қаламызда бұрын-соңды болмаған ерекше көрме. Жерлес суретшілердің сатира, шарж, карикатура жанрындағы еңбектерінің алғашқы көрмесі 13 қылқалам шеберінің шығармаларын халық назарына ұсынады. Көрме түрлі тақырыптарды қамтиды. Соның ішінде езуге күлкі үйіретін әріптестерге арналған шарж бен қазіргі таңдағы өзекті тақырыптарды баяндайтын картиналар ерекше назар аудартады.


Ашылу салтанатында ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер, Журналистер мен Жазушылар одағының мүшесі Еркін Нұразхан құттықтау сөз сөйледі. Көрменің маңыздылығы туралы Суретшілер одағының мүшелері Гүлнар Бекбердинова мен Ержан Тұрғанбаев айтып берді.


Іс-шараға қатысушылар Ержан Тұрғанбаев, Мерей Қайнарұлы, Гүлнар Бекбердинова, Маржан Бақытбекова, Айбек Самарханов және басқа да қылқалам шеберлерінің сатиралық картиналарын көрді. Іс-шара соңында суретшілерге алғыс хаттар табыс етілді. Көрерменге үлкен эмоциялық әсер сыйлайтын, бірде қуантып, бірде ойға шомдыратын тамаша туындылар көрмесі 5 сәуірге дейін жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар