Өскеменде пәтердегі газ қопарылысынан бір адам зардап шекті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемендегі пәтердің бірінде газ-ауа қоспасы қопарылып, бір адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ШҚО Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мекемедегілердің айтуынша, Ә.Қашаубаев көшесіндегі бес қабатты, көппәтерлі тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерде газ-ауа қоспасы жарылып, кейін жеке заттар да өртенген. Қопарылыс көшеге естіліп, куәгерлер өрт сөндіру қызметін шақырған.

«Үш минуттан кейін оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 1949 жылы туған пәтер иесін тапты. Оның денесін күйік шалған. Ер адамды апаттар медицина орталығы қызметкерлері бірінші қалалық ауруханаға жеткізді», - деп түсіндірді облыстық ТЖД өкілі.

0,5 шаршы метр аумақтағы өрт ауыздықталды. Газ-ауа қоспасының жарылуынан көрші пәтер де зардап шеккен. Ол пәтердің қабырға сылақтары опырылып түскен.

Болжам бойынша, өртке тұрмыстық газ құрылғысын пайдалану кезінде сақтық шарасын ескермеу себеп болған.


Соңғы жаңалықтар