Өскеменде пәтерде тоққа қосылған смартфоннан өрт шығып, тұрғындар эвакуацияланды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында пәтерде тоққа қосылған телефоннан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 18 сәуірде сағат 23.30 шамасында Чернова көшесінде өрт болған.

«Көпқабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерде жиһаз, терезе және есік блоктары, жеке заттар жанып кетті. Қауіпсіздік мақсатында №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері 6 тұрғынды эвакуациялады. Зардап шеккен ешкім жоқ», - делінген ақпаратта.

Тілсіз жаудың жалпы ауданы 45 шаршы метрді құраған. Пәтер иесінің айтуынша, ол үйден кетіп бара жатып ұялы телефонды тоққа қосып кетті. Қайтып оралғанда пәтер іші отқа оранған.

Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да дала өртінің алдын алу үшін 44 мобильді топ құрылғандығын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар