Өскеменде өткен «Jastar Time» IT-фестивалінде 5 мыңнан астам адам бас қосты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Облыс орталығында аймақтағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеруге ден қойған жастар арасындағы VII облыстық IT-фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО ақпарат орталығына сілтеме жасап.

Мұнда өңірдегі мектеп оқушыларымен қатар, колледж, ЖОО студенттері келіп, өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жылы IT-фестивальдің ауқымы кеңейген. Көрермендер виртуалды шындық көзілдірігін кию арқылы инновациялық 3D-кітаптарды парақтап, робот-гидпен сөйлесуге мүмкіндік алды. Ал 200-ге тарта қатысушы 95 заманауи IT жобаларын «Мейкерлік», «Junior Skills», «Startup-жобалар», «ClusterPro» және робополигон секторларында көрермен назарына ұсынды. Жас өнертапқыштардың жобалары таңғаларлық қана емес, тұрмыста пайдалы әрі өзекті болып шықты.

Мысалы Үржар ауданынан келген Ерсін Тілеуғабыл көру қабілеті төмен жандарға арналған арнайы құрылғы ойлап тапқан. Ерекшелігі - адам қолына кию арқылы алдында тұрған қандай нысан екенін анықтайды. Одан бөлек, оның бағасы да қолжетімді. Жас өнертапқыштың айтуынша, мұндай идеяны өзі ойлап тауып, кейін жетекшісі екеуі қолға алған.
null

Сондай-ақ, Семейдегі ерлерге арналған «Жас ұлан» лицейінің кадеттері Ділдар Нұрсұлтан мен Аңсар Құсаинов экзоқаңқаның өз моделін ойлап тапқан. Оның бірегей технологиясы құтқарушыларға апатты жағдайларда ондаған адамды алмастыруға мүмкіндік береді.

Көрмеге қойылған жас өнертапқыштардың заманауи жобаларына ШҚО әкімі Даниал Ахметов жоғары баға берді. 100-ге тарта жобаның ішінде аймақ басшысы атап өткен екі жоба - робот-манипулятор мен интернетсіз жұмыс істей алатын қазақ-латын қарпін түрлендіргіш қосалқы бағдарлама болды. Олардың авторлары облыстық физика, математика және информатика бойынша дарынды балаларға арналған арнайы мектеп-лицейінің оқушылары Никита Пятков, Вячеслав Трегуб, Искандер Чадоев және Зайсаннан келген Дана Әрімжанова.
null

«Осындай жобаларды жасай отырып, сендер жаңа білімге жол ашып қана қоймайсыңдар. Сендер осылайша өздеріңнің де, біздің де болашағымызға жол ашасыңдар. Дұрыс бағыттасыңдар. Бұл фестиваль креативті жастарға мол мүмкіндіктер береді деген ойдамын»,-деді өз сөзінде аймақ басшысы Даниал Ахметов.
null

Шара қорытындысы бойынша тәуелсіз сарапшылар «Үздік ІТ-жоба» және «Көрермен көзайымы» жүлдесін онлайн-дауыс беру арқылы анықтады. Жарма ауданы Карелин П.Г. атындағы орта мектептің оқушысы Аңсар Мейрамханов көрермен көзайымы атанды. Ал бас жүлдені смарт-бесік жасаған Әли Бердібек (Шәкәрім атындағы №1орта мектеп, Өскемен), 1-орынды 21 ғасыр мектеп портфелін ала келген Надежда Закусилова (№4 орта мектеп, Өскемен), 2-орынды «Теңге алу» компютерлік ойынын ойлап тапқан Әлішер Мәулетов пен Ілияс Закариянов (Үш тілде білім беретін Шәкәрім атындағы көпсалалы гимназия, Семей), ал 3-орынды логопедтік тренажер жобасымен Қымбат Жеңісхан (С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Өскемен) иеленді.
null

Айта кету керек, биыл күзде облыс орталығында халықаралық ІТ форум өтеді. Былтырғыдай оқушылар мен студенттер және ІТ компаниялардың өз жобаларын ұсынуына жағдай жасалады. Ал үздік жобаларға аймақтың әлеуметтік-экономикалық саласын дамытуға үлес қосу үшін грант бөлінбек.

Соңғы жаңалықтар