Өскеменде өртенген үйден әйелді құтқарған 3 жігіт марапатталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында өртенген үйден әйелді құтқарған 3 жігіт марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Өскеменде өрт кезінде әйелді құтқарған үш жігіт марапатталды.

Оқиға 12 наурызда Протозанов көшесінде болған. Сол маңайдан өтіп бара жатқан ер адамдар 9 қабаттағы пәтерде шыққан өрті байқап қалады. Таяп барғанда балконның карнизінде ілініп тұрған әйелді көрген. Берік Сағымбаев, Дарын Жәнібеков, Бектемір Әлібеков ойланбастан көмекке ұмтылды.

Подьезге жүгіріп кіріп, өрт шыққан жерден бір қабат төмен орналасқан көрші пәтердің есігін қағады. Дереу балконға барған Берік Сағымбаев әйелді ұстап үлгерген. Оған достары Дарын және Бектемір көмектесті. Содан кейін подъездегі пәтерлерді түгел аралаған олар тұрғындарға өрт туралы хабарлап, үйден шығу қажеттігін жеткізген.

«Бейбіт күннің батырлары адам жанын ажалдан арашалап, азаматтарды эвакуациялады. Осындай сын сағатта ерлік танытқан жігіттерге Алғыс хат берілді», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар