Өскеменде Оралхан Бөкей атындағы республикалық байқау жеңімпаздары марапатталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бүгін Мұзтаудың мұзбалағы Оралхан Бөкейдің туған күніне орай Өскеменде «Ауыл хикаялары» атты республикалық байқау жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

О.Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханада қазақтың классик жазушысының туған күніне орай «Ауыл хикаялары» атты тұңғыш республикалық әдеби байқау өтті. Оның ұйымдастырылуына аталған кітапхана, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Қазақстан Жазушылар одағының ШҚО филиалы мұрындық болған.

«Байқауға Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Павлодар облыстарынан жас қаламгерлер қатысты. Барлығы 30-дан астам шығарма келіп түсті. Әділқазылар құрамында Оралхан Бөкейдің жан досы, рухани сырласы Әлібек Асқаров, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Асқар Алтай, ақын Әлібек Қаңтарбай болды», - дейді кітапхана қызметкерлері.

Байқаудың қорытындысы бойынша 1 орын – «Аран» атты әңгімесімен Қуат Қиықбай (Абай облысы), 2 орын – «Аққұмдағы хикая», әңгімесімен Бақыт Жалиева (Ақтөбе облысы), 3 орын – «Үкілеген үміт» әңгімесімен Ақиқат Сәрсембаев (Өскемен қаласы).

Айта кетейік, Оралхан Бөкейдің туған күніне орай өткен шаралар легі бүгін ЖМК ықшам ауданындағы Оралхан ескерткішінен басталды. Жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Алтайдың «Кербұғысын» еске алды.

Содан кейін олар Өскемендегі О.Бөкей атындағы №44 мектепке барып, қаламгердің музейімен танысты.

«Кейбір азаматтар Оралханның ескерткішінде дүниеге келген күнімен, қайтқан күнін жазу керектігін айтып жатыр. Менің ойымша, жазылмағаны дұрыс. Өйткені Оралхан Алтайда тірі адам! Жазушының шығармалары өміршең», - дейді жазушы Асқар Алтай.

Келер жылы Мұзтау мұзбалағының 80 жылдық мерейтойы болмақ.


Соңғы жаңалықтар