Өскеменде Октябрь су өткізу арнасы жаңғыртылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы Октябрь су өткізу арнасы қайта жаңғыртылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

50 мыңнан астам адамды ауызсумен қамтамасыз ететін Октябрь су қоймасын реконструкциялау жобасы межелеген уақытта іске асырылды. Бұл туралы тұрғындар алдында есеп берген Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мәлімдеді. Жиынға аймақ басшысы Даниал Ахметов те қатысты.

«Өскемендіктерді биыл жағымды өзгерістер күтіп тұр. Мәселен, Красина кентіндегі, Меновное және Ахмер ауылдарындағы сумен жабдықтау желілері, Меновное ауылы мен Тракторная көшесіндегі кәріз желілері қайта жаңартылады. Сондай-ақ шаһар тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жаңа Өскемен су өткізу арнасының құрылысы жүргізілуде», – деді Жақсылық Омар.


Оның айтуынша, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қалада 7,5 мың жұмыс орны құрылып, 31 млрд теңгеден астам сомаға 114 жоба іске асырылған. 305 көпбалалы отбасы, 127 жетім бала мен халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарындағы 317 адам баспаналы болды. 63 білім беру мекемесі жөнделіп, жеті мектеп ғимараты тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға бейімделді.

Онлайн форматта өткен есеп беру кездесуіне қатысқан қала тұрғындары бірқатар өзекті мәселелелерді көтерді.

«23 шағын аудан тұрғындары жолдар асфальтталып, көшелердің жарықтандырылғанына қуаныштымыз. Бірақ ауданға орталықтандырылған жарық жүйесі тартылмаған. Соның салдарынан азаматтар жекеменшік ұйыммен келісімшартқа отыруға мәжбүр. Ал электр энергиясының бағасы өте қымбат. Ауданға қашан орталықтандырылған жарық тартылады?» - деді тұрғындардың бірі.


Жақсылық Омар 23 шағын ауданды электрмен жабдықтаудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын, 2021 жылы қаражат бөлінсе жүзеге асырылатынын жеткізді. Жалпы жоба бойынша 430 абонент, яғни 1290 адам жарықпен қамтамасыз етіледі. Желілердің жалпы ұзындығы – 41,8 шақырым.

Кездесу соңында облыс әкімі өткен жылы Өскемен қаласында атқарылған жұмыстарға оң баға берді.

«Өскеменде былтыр әлеуметтік жобалар қарқынды іске асты. Әсіресе, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау бойынша біршама жұмыс атқарылған. 2020 жылы баспаналы болғандардың саны артқаны қуантады. Бұл қарқын биыл да жалғасу керек», - деп қорытындылады Даниал Ахметов.



Соңғы жаңалықтар